26 мам, 2025 сағат 12:45

Жалған хабарламалар беретін 5 мыңнан астам алаяқтық аккаунт бұғатталды

Фото: Pexels.com

Алматы облысының прокуратурасы интернет-алаяқтықпен күресу мақсатында ірі онлайн-платформалар (Krisha.kz, Kolesa.kz, OLX.kz) өкілдерімен бірлесіп жұмыс атқаруда. Ынтымақтастық туралы меморандум аясында үздіксіз ақпарат алмасу жолға қойылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Бұл серіктестіктің нәтижесінде алаяқтық әрекеттер белгілері бар 5 мыңнан астам аккаунт бұғатталып, тағы 7 мың аккаунт тексерілуде.

Алаяқтар көбінесе Алматы қаласы мен облысында пәтерлерді тәуліктік жалға беру, жылжымайтын мүлікті сату, автокөліктерді төмен бағамен сату немесе шетелден автокөлік бөлшектерін жеткізу тақырыптарында әрекет еткен. Олар жалған фотосуреттерді пайдаланып, «бронь» үшін алдын ала төлем талап етуді әдетке айналдырған.

Прокуратура мен маркетплейстердің бірлескен жұмысы мемлекеттік органдар мен жеке сектор арасындағы тиімді өзара іс-қимыл алгоритмін қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта облыс прокуратурасы телекоммуникациялық және қаржылық ұйымдарды қамтитын цифрлық экожүйенің басқа да қатысушыларымен ынтымақтастықты кеңейту жұмыстарын жалғастыруда. 

Азаматтардан онлайн-сатып алулар кезінде сақ болып, цифрлық платформалардағы хабарландырулардың шынайылығын міндетті түрде тексеру сұралады.