2019 жылдың 10 маусымында өткен ҚР Президентінің сайлауы кезінде сотқа президенттікке үміткерлер мен олардың өкілдеріннен 67 талап-арыз түсті. Бұл туралы бүгін судьялардың кеңейтілген кеңесінде ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Расында да құқық бұзушылық орын алды. Оны өздеріңізде БАҚ-тан білесіздер. Ал көбінесе біреу басқа біреудің атынан бюллетень алып, дауыс беру құқығын бұзушылық көп болды. Менің білуімше, прокуратура органдары 26 әкімшілік іс қозғап, оларды сотқа енгізді. Олар бойынша біз барлық кінәлі тұлғаларды тиісті жауапкершілікке тарттық. Ол - көбіне айыппұлдар. Жазаланғандардың басым көпшілігі - сайлау комиссияларының мүшелері, ішінде тіпті төрағалары да бар», - деді Жақып Асанов БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның айтуынша, сайлау кезінде тек байқаушылар ғана емес, сонымен бірге президенттікке үміткерлер, олардың өкілдері талап-арыздарын берген.
«Жалпы олардың саны - 67-і. Осы талап-арыздардың басым көпшілігін судьялар кері қайтаруға мәжбүр болды. Өйткені біздің азаматтық іс жүргізу кодексіміздің талаптары бар. Соған сәйкес жазылған талап-арыздың формасы, мазмұны заңға сәйкес болуы керек. Көп жағдайда талап-арыздың авторлары оны сақтамаған. Мысалы жауапкерді көрсетпеген немесе мен бақылаушымын, президенттікке үміткердің өкілімін деп жазғанымен мәртебесін дәлелдейтін құжаттарды тіркемеген. Не болмаса сол талап-арызда өздерінің нақты бір өтінішін, талабын жазбаған. Ондай жағдайда біз әрине арызды кері қайтаруымыз керек. Судьялардың ондай талап-арыздарды қарауға құқы жоқ. Жалпы, әрбір іс бойынша шешім қабылданды. Ал ол шешім заңды ма, заңсыз ба? Шынымды айтсам, менің оған баға беруге құқым жоқ», - деді Жоғарғы сот төрағасы.