24 қар, 2016 сағат 15:10

Жақсылық Омар Талдықорғандағы әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты

Алматы облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Талдықорған қаласындағы кейбір әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты. Ол ғимараттардың жылу жағдайы мен медициналық көмектің сапасына баса назар аударды. Бір сөзбен айтқанда медициналық нысандар мен білім беру мекемелерінің бүгінгі тіршілігін бағамдап қайтты.

Жақсылық Мұқашұлы бірінші болып Талдықорған қалалық емханасына бас сұқты.  Жуырда ғана сыртына жөндеу жұмыстары жүргізілген мекеменің ішкі тазалығын тексеріп, барлық бөлімдерін аралап, кемшіліктерін көзімен көріп қайтты. Ақ халаттылардың тілегін тыңдап, емхана ішіндегі жылылыққа баса мән берді. Коол-орталықтың жұмыс жүйесімен де танысты. Мекемені аралау барысында көптеген кемшіліктің барына көз жеткізді. Емхана терезелерінен суық өтетіндігіне көңілі толмай, мекеме директоры Тілеуберді Жансеңгіровке нақты тапсырмалар берді. Терезеден жел есуінің тоқтап, керекті температура режимінің сақталуын денсаулық басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтің қадағалауына тапсырды. Бұдан кейін құжат бойынша №2 қалалық емханасы аталып, құрылысы бітуге таяу нысанға табан тіреді. Бір ғана емхана науқастарға аздық ететін болған соң, бұл мекеменің де құрылысы басталған болатын. Әкім орынбасары ғимарат ішін аралап, алдыңғы мекемедегі кемшіліктердің болмауын осы кезден бастап қарауларын ұсынды. Сондай-ақ, құрылыс материалдарының сапасына мән беріп, жарық жүйелерінің де анық болуын тапсырды. Тәуелсіздік күніне орай тұсауын кескелі отырған мекеменің жұмысына сәттілік тілеп, бастысы асықпай баянды шаруа бітіріңдер деген сөзін жеткізді. 

Одан кейін кәсіптік білім беретін  Талдықорған аграрлық колледжіне ат басын бұрды. Қазіргі кезде оқу орнында өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген 1200 білімгер бар. Мұнда негізінен ауылшаруашылығы мамандарын даярлайды. Сұранысқа қарай кейіннен ашылған техникалық мамандық түрлері де бар. Жақсылық Мұқашұлы білімгерлер білімін шыңдау үшін алынған тәжірибелік аппараттарды тексерді. Олардың жұмысымен танысып, көңілі толды.

Айта кетерлігі, білімгерлер өз ойының ұшқырлығымен шаруашылық жұмыстарын жеңілдететін қондырғыларды да ойлап тапқан. Әкім орынбасары  қондырғы жұмысына қажет қаражатты бөліп, оны іске асырып, сынап та көру керектігін жеткізді. Мамандықтың жай-жапсарын түсіндірген білімгерлердің оқуға құштарлығы байқалып-ақ тұр. Сондай-ақ, мекемеге соңғы үлгідегі, бағасы қымбат оқыту құралдары қойылған. Өңірімізде  ауылшаруашылық саласы бойынша білім беретін үш оқу орны бар. Осы сәтте Жақсылық Омар колледж директорына өзге оқу ордаларына көмек көрсету керектігін тапсырды. Оқу орнының талпынысына көңілі толған ол білімгерлердің тілектеріне құлақ асты.

Сондай-ақ, білім шаңырағының спортзал, кітапхана, жатақханасын аралап, кемшіл тұстарын да тапты. Спортзалдың суықтығын қалпына келтіруді тапсырды. Колледждегі ең үлкен қателік – бес қабаттан тұратын жатақхананың үш қабатында білімгерлер, қалған екі қабатында үлкен отбасылы адамдар тұратындығы. Әкім орынбасары өз сөзінде: – Ол адамдар кімдер екенін біз білмейміз. Маған айтуы бойынша сантехник, аула сыпыратын, күзетшілер тұрады екен. Ол дұрыс емес. Бұл білімгерлерге салынған жатақхана болса, мұнда тек білімгерлер тұруы керек. Студенттер жатақханамен 100 пайыз қамтылған дейді. Мен сенбеймін 1200 студенттің ішінен тек 100 білімгер ғана жатақхана сұрады дегенге. Егер ондай жағдай болса, біз басқа білім ошақтарында жатақханасыз жүрген студенттерді кіргізейік, – деді. Оқу ордасының басшысына қатаң сөгіс беріп, келесі айдың басына дейін бұл шаруаның шешілуін талап етті.

Содан кейін әкім Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжіне де табан тіреді. Бұл мекеме аты гуманитарлық болғанымен негізінен құрылыс мамандарын даярлайды. Әкім орынбасары оқу ғимаратының іші-сыртын аралап, тәжірибелік аппараттармен танысты. Асхана мәзіріне ерекше ден қойып, әлеуметтік жағдайы төмен білімгерлердің тамақтану жайын сұрады. Сондай-ақ, жатақханаға да ат басын бұрып, ондағы ахуалға көз жеткізді. Жатақхана таза әрі жылы. Дегенмен мұнда да кемшілік жоқ емес. Бір бөлмеде  4 білімгерден орналасқан. Бұл студенттердің сабақ оқуына, жатуына қолайсыз деген Жақсылық Мұқашұлы бөлмелерді кеңейтіп, бір бөлмеде екі білімгердің орналасуын тапсырды. Оған мүмкіндік те жоқ емес. Білім басқармасының ұсынысы бойынша жатақханадағы үстіңгі екі қабат облыс орталығына жарысқа келген оқушыларға, білімгерлерге арналған. Әкім орынбасары сол орындарды колледж білімгерлеріне беруді тапсырды. Сондай-ақ, білім ордасын тамамдаған шәкірттердің жұмысқа орналасу мәселесін де сұрады. Мекеме басшысының айтуынша, диплом алған жастардың жұмыспен қамтылуы бүгінде 86 пайызды құрап отыр. Бұл ақпаратқа сенімсіздік танытқан Жақсылық Мұқашұлы мәселені анықтама арқылы емес, зейнетақы қоры арқылы тексеру керектігін тапсырды. Сонда бұл көрсеткіштің әлдеқайда төмендейтіндігін тілге тиек етті. Себебі, көп жерде анықтаманы жасату оңай, сондықтан ол жалған болып саналады.   

Сол күні фейсбук парақшасында Талдықорған қаласындағы өңірлік жұқпалы аурулар ауруханасында жатқан науқастың аталмыш денсаулық сақтау мекемесінің суық екендігі жайындағы жан айқайы шыққан болатын. Сол мәселені өз көзімен көріп, тексеру барысында Жақсылық Омар жұқпалы аурулар ауруханасының табалдырығын да аттады. Мекеме басшысымен бірге бөлмелерді толық аралап, температураның қалыпты жағдайда екендігіне көз жеткізді. Парақшаға жазбасын салған науқастың өзімен де сөйлесіп, істің мән-жайын білді. Белгілі болғаны, сырқат терезені өзі ашқан да қайта жаба алмай қалған екен. 

Нысандарды толық аралап болған әкім орынбасары кеткен кемшіліктерді өз сөзінде тағы айтып өтті: 
– Әлеуметтік нысандардағы қыстыгүнгі жағдай қалай болып жатыр, медициналық көмек көрсету сапасы қандай деңгейде? Негізгі айта кететін жағдай, облыстық бюджеттен қыруар қаржы бөлінгеннен кейін тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы күн сайын арту керек. Өйткені біз бөлінетін қаражатты жыл сайын өсіреміз, соған сәйкес қызметтің де сапасы өзгеру керек. Біз соны бақылауға аламыз. Бүгінгі көрген кемшіліктің бірі қалалық емханада қысқы маусымға ғимарат дайын емес. Емхананың іші салқын, сәйкесінше адамдар киіммен отыр. Біз қыруар шығын шығарып, ғимараттарға жылу әкеп отырмыз. Бірақ кейбір басшылардың осындай жауапсыздығынан емделетін бөлмеде қажетті температура жоқ. Әрине, суық болғаннан кейін қызметтің де сапасы төмен болады деген сөз. Осының мысалында біз өңіріміздегі барлық медициналық мекемелердің температурасын тексеретін боламыз. Білім ордаларындағы кеткен кемшіліктер төңірегінде де тексеріс жүргізіп, бақылауға аламыз.

Кеткен қателіктерге көңілі толмаған облыс әкімінің орынбасары кемшін тұстарды саралап, қателіктерін жасырмай, керісінше даралап көрсету өңір өркендеуіне  септігін тигізетіндігін айтты. Мекеме басшыларына кемшілікті түзету үшін белгілі мерзім қойып, сол аралықта қайта келетіндігін жеткізді. Талапшыл басшы әр істі өнімді атқаруды тапсырды.

Құралбек Сәбитов