24 жел, 2016 сағат 11:30

Жақсылық Омар өңірдегі жастар мәселесін қалай шешпек?..

Алматы облысы әкімінің орынбасары Жаксылық Омардың төрағалығымен өңір жастарының кезекті кеңесі өтті.

Жетісу жерінің әр тарабынан жиылған жастар облыстық жастар саясаты басқармасының жылдық қорытындысын шығарып, келер жылға жоспар құрды, - деп xабарлайды өңірдегі тілшіміз.

Жиын Алматы облысының жастар саясаты мәлелелері бойынша басқарма басшысы Айдын Нұрмұxамбеттің баяндамасынан басталды. Негізгі есепті кезеңде атқарылған шараларды нақты тізбектеп өткен басқарма басшысы өзекті мәселелелердің де басын ашты. Онда жастардың өз-өзіне қол жұмсау деректерімен қатар, өскелең ұрпақтың заңды белден басу фактілері айтылды.

Аталған мәселелерді назарға алған облыс әкімінің орынбасары Жаксылық Омар өңірдегі жастар саясатына тың көзқарас пен жаңа бастамалар қажет екендігін алға тартты.

"Қай кезді алып қарасаң да, қоғамның қозғаушы күші жастар болып табылады. Демек, бүгін де һәм болашақта да елеулі өзгерістердің орын алуы - өздеріңдей жастың қолында. Уақыт сызығы жылжыған сайын жауаптар ғана емес, қойылар сұрақтар да ескіріп, қажетсізге айналады. Бүгін былай еді, ертең неге өзгеше болды деп шүйлігуге болмайды. Сондықтан сауалы мен жауабы үнемі жаңаруды қажет ететін мәселінің бастысы боп жастардың һәл-ахуалы тұрмақ. Жаңа заманның жастарының "жаңа талаптарын" елемеу уақыт ағымын ескермегенмен бірдей. 

Аймақта дүркіреп өтетін шаралардың, әртүрлі бағыттағы кештердің болғаны артық емес. Оған шектеу қоя алмаймыз. Дегенмен, бұл - жастар саясатының басты міндеті емес екенін де естен шығармауымыз керек. Жастар арасындағы қылмыстың өршуі әрі өз-өзіне қол жұмсау фактілерінің жиілеуі - сөзімнің айқын дәлелі болмақ. Оның үстіне қоғамдағы діни ахуал да күн өткен сайын күрделеніп барады. Бізге өзіміздің қарагөз бауырларымыздың әртүрлі ағымның жетегінде кетпегені керек. Сол себепті барлық қиын мәселенің алдын-алғанымыз жөн. Жастарға қатысты жалпы бағыттағы жұмыстарды жаңғырту қажет. Өйткені бүгіннен жаңа өзгерістерге апаратын сара жолдың басын қалап алғанымыз дұрыс болмақ. Осы орайда, аталған мәселеге қатысты арнайы жұмыс тобын құрып, ауқымды анализ жасалық. Содан соң анықталған өткір мәселелер негізінде "Жастар жолы" деп аталатын құжат әзірленуі тиіс. Құжатта бірінші кезекте ауыл жастарының мәселелерін тарқату - басты назарда тұратын тарау болуы міндет. Екінші кезекте - жастардың жұмыссыздығын жою мәселесі. Үшіншіден - жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына жол ашатын мүмкіндіктер қарастыруымыз керек. Төртіншіден - өскелең ұрпақ арасындағы қылмысты алдын алу және бесінші кезекте - мүмкіндігі шектеулі жастарды әлеуметтендіру сынды мәселелер көтерілуі қажет", - деп, нақты тапсырмаларды жүктеген облыс әкімінің орынбасары аталған жұмысқа жастарды атсалысуға шақырды.

Өз кезегінде, аймақтардан жиылған жастар бастаманы бірауыздан құптап, өз қолдауларын жеткізді. Шара соңында, аймақ аламандары атқарылған жұмыстарына сай марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Ұлт порталы