27 там, 2021 сағат 09:38

Жағдай толықтай бақылауға алынды - Сапарбаев


Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев Қазіргі таңда Байзақ ауданындағы жағдай толықтай бақылауға алынғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл туралы әкім Facebook желісінде жазды.

"Қазіргі таңда Байзақ ауданындағы жағдай толықтай бақылауға алынды. Өңірдің төтенше жағдайлар, құқық қорғау және медицина саласының өкілдері барынша жұмылдырылды. Апат болған аумақтан эвакуацияланған тұрғындарға арналып, облыс орталығынан 400-ден астам жатын орын дайындалған. Қосымша 1000-ға жуық орын дайындау мүмкіндігі қарастырылған", - делінген әкімнің жазбасында.

Жарылыс зардаптарын жою және эвакуацияланған тұрғындарды керек-жарақпен, ыстық тамақпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылады.

"Менің басшылығыммен құрылған жедел штаб барлық қажетті шараларды атқарып жатыр. Зардап шеккендер Тараз қалалық және аудандық ауруханаларға жеткізіліп, медициналық көмектер көрсетіліп жатыр. ҚР Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрлерімен бірлесіп, тиісті шешімдер қабылдануда. Баршаңызды тек қана ресми мәліметтерге сенуге, жалған ақпараттарды таратпауға шақырамын", - деді әкім.

Еске салайық, Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде сағат 19.00 шамасында қоймалардың бірінің жанында өрт шыққан. Өрт салдарынан анықталмаған заттар жарылған. Жақын маңдағы тұрғындар эвакуацияланғаны анықталды.