25 мау, 2025 сағат 13:32

"Жағдай ауыр емес, өте ауыр": Депутат Қазақстан түрмелеріндегі жағдайды баяндады


Фото: Tengrinews.kz

Депутат Абзал Құспан еліміздегі барлық негізгі түзеу мекемелерін аралап шығып, ондағы жағдайды шұғыл қолға алу керек деп отыр. Бұл туралы ол Мәжілістің жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Абзал Құспан мұның себебі қылмыстық-атқару жүйесінің ұзақ уақыт қаржыландырылмауына байланысты дейді.
Депутат келтірген дерекке сүйенсек 2025 жылға ІІМ ҚАЖ комитеті 151,4 млрд теңге сомасында шығын жоспарлағанымен, тек 88,3 млрд теңге ғана мақұлданған. Бұл — 63 млрд теңге немесе 42% дефицит деген сөз.

Азық-түлік, киім-кешек, коммуналдық қызметтер

Ең негізгісі түрмелерді азық-түлікпен, киім-кешекпен, коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету керек екен.

"Бүгінгі таңда шұғыл түрде 14,1 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы қажет, оның ішінде: 8,7 млрд тг – тамақтандыруға (соның ішінде 2,3 млрд теңге берешекті өтеуге); 3,4 млрд тг – коммуналдық қызметтерді төлеуге; 2 млрд тг – киім-кешек және төсек-жабдық алуға", - дейді депутат.


Сотталғандар санының артуы

Түрмелерде сотталғандар саны 2024 жылы – 36 923 болса, 2025 жылы – 40 364 жетіпті.  Бұл жағдайды одан әрі қиындатып тұрған көрінеді. Оның үстіне қызмет көрсету тарифтері көтеріліп кеткен.

Сотталған шетел азаматтарын өз елдеріне қайтару мәселесі де әлі шешімін таппай отырған көрінеді. Жыл басынан бері 1 000-нан астам шетелдік сотталғанның небәрі 45-і ғана елдеріне қайтарылған. Кейбір мемлекеттер өз азаматтарын қабылдаудан бас тартуда. Осы бағыттағы халықаралық келіссөздер мен ынтымақтастықты жандандыру қажет деп есептейді депутат Құспан.

"Тағы бір алаңдатарлық жайт — гуманитарлық нормаларды (шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жаза түрін ауыстыру) қолданудағы проблемалар. Залалды өтеген, тәртіп бұзбаған сотталғандарға қатысты мұндай нормалардың қолданылмауы — әділетке қайшы. Мәселен, 2024 жылы 12 445 өтініштің тек 4 641-і (яғни 37%) ғана қанағаттандырылған.
2025 жылғы 14 наурызда Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге қатысты жазалау тәжірибесін қайта қарау қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты ІІМ-мен бірлесіп заңнамалық түзетулер әзірледім. Алайда 2020 жылдан бері жазаны өтеуді кейінге қалдыру бойынша келіп түскен 83 өтініштің тек 11-і ғана қанағаттандырылған", - дейді депутат.


Қылмыстық субмәдениет және экстремизмнің тамыр жаюы

Сонымен қатар, Абзал Қүспанның айтуынша елдегі түрмелердің инфрақұрылымы мүлде ескірген. Қазақстандағы түзету мекемелерінің 75%-ы өткен ғасырдың 30–70 жылдары, тіпті кейбірі патшалық Ресей заманында – 200–300 жыл бұрын салынған.

"Бүгінгі талапқа сай келмейтін барақтық үлгідегі түрмелерді камералық типтегі заманауи мекемелермен алмастыру – кезек күттірмейтін міндет. Барақта 80–100 адам бірге тұратын ортада тәрбиелік жұмыстар жүргізу мүмкін емес. Ондай жерде өзіндік қылмыстық субмәдениет қалыптасады", - дейді депутат.


Осы ортада түрмелерде діни экстремизмнің де тамыры жайылып келетінін айтқан А. Құспан:

"ҚАЖК-ның өзекті мәселелеріне кеше Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқасында тағы да арнайы тоқталды. Бұл – аталған проблеманың маңыздылығын айғақтай түседі", - дейді ол.


Осыған байланысты, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтен 2025 жылы ІІМ ҚАЖ комитетінің басым бағыттарына 14,1 млрд теңге көлемінде қосымша қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруды, шетелдік сотталғандарды азаматтығы бар елдеріне қайтару тәжірибесін жандандыру бойынша шаралар қабылдауды, соттардың гуманитарлық нормаларды кеңінен және негізді түрде қолдануын қамтамасыз ету үшін уәкілетті органдарға тиісті тапсырма беруді және кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге қатысты жазаны ізгілендіруге бағытталған заңнамалық бастамаларды қолдауды сұрады.