Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Үкімет басшысы Олжас Бектенов су тасқынының екінші толқыны қарсаңында Атырауды тасқыннан қорғау жұмыстарын тексерді, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Батыс өңірде Ресей Федерациясының Ириклин су қоймасынан су келуіне байланысты, сондай-ақ, Жайық өзеніне құйылар сағадағы ірі тасқын мен су деңгейінің көтерілуі салдарынан жағдай күрделі күйінде қалып отыр", - деп жазылған Үкіметтің баспасөз қызметі мәліметінде.
Батыс Қазақстан облысындағы ірі су тасқынынан кейін ағын су өзен арнасымен Атырау облысына қарай жылжып, Каспий теңізіне құяды. Кейінгі тәулікте БҚО тарапынан келетін су әсерінен Атырау қаласында су деңгейі 6 сантиметрге көтерілген.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Атырау облысына су тасқыны жағдайы тұрақтанған өңірлерден әскери қызметшілер мен техниканы жедел жеткізіп, күштерді арттыруды тапсырды.
"Бүгінгі таңда су тасқынының алдын алу шараларының 92 пайызы орындалды. Жұмысты тиімді жүргізу үшін қала 111 секторға бөлінген. Ұзындығы 482 шақырым қорғаныс бөгеттері салынды, аяқталған учаскелер техникалық қадағалау арқылы тексерілді. Жұмыстарға ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұланның 6 мыңға жуық әскери қызметшісі, әкімдік қызметкерлері, 2 мыңға жуық техника жұмылдырылған", - деп жазылған мәліметте.
Атырау облысында 15 каналдың 14-і Жайық өзені бойында орналасқан. Төрт жүйеде (Соколок, Нарын, Черная речка, Бақсай) тасқын судың өздігімен ағуына мүмкіндік бар.
Қауіпті аймаққа Жарсуат және Құрылыс елді мекендері кіреді, бұл аумақта 10,5 шақырым бөгет орналасқан. Қазіргі уақытта бұл аумақта арнайы техникалар арқылы бөгеттер тұрғызылған. Сондай-ақ, су басу қаупі бар Индербор, Елтай, Есбол, Көктоғай, Бөдене, Өрлік және Ынтымақ ауылдарында бөгеттер көтеріліп жатыр. Индер, Махамбет, Исатай және Құрманғазы аудандарында жағаулаулар нығайтылып жатыр.