09 қыр, 2022 сағат 16:08

Зеленский: Украина әскері ондаған елдімекенді азат етті


Украина президенті Владимир Зеленский украиналық әскерилер 1 қыркүйектен бері Харьков және Херсон облысында аумағы мың шаршы километрден асатын ондаған елдімекенді босатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол соғыстың 197 күніне арналған видео мәлімдемесінде айтты.

1 қыркүйектен бастап Украина қарулы күштері Харьков және Херсон облысында Ресей оккупациялап алған жерлерді қайтару үшін қарымта шабуылға шыққан еді.

Зеленский Украина әскерилері қай елдімекендерді азат еткенін нақты атамады, бірақ Президенттің телеграм каналында Украина қарулы күштері Харьков облысындағы Балаклей қаласын босатқаны хабарланды. Онда украиналық әскерилердің Балаклейге Украина туын тіккен видеосы жарияланған.

"Бәрі өз орнына келді. Украина туы еркін аспанымызда, Украинаның еркін қаласында желбіреді" - деп жазды ол Телеграм каналында.

Украина қарулы күштері 9 қыркүйектегі таңғы хабарламасында Балаклей қаласын азат ету туралы "әскерилер Харьков облысындағы қарымта шабуылы сәтті болып жатыр. Қарулы күштер жергілікті тұрғындардың қолдауымен үш күнде 50 шақырымға жылжыды. Барлаудың дерегінше, қарсыластың бөлімшелері айтарлықтай шығынға ұшырады. Оккупанттар [Балаклей ауданындағы] Ольховатка және Бородоярское елдімекенінде жараланған әскерилері мен сынған техникаларын алып кетуге тырысып жатыр" деді.

Ресей қорғаныс министрлігі Украина әскерінің Харьков облысындағы шабуылы жайлы ештеңе айтпады. Ведомство 8 қыркүйектегі хабарламасында Бакалей ауданында Украинаның ракета-артиллериялық қаруларының қоймасын жойғанын айтқан.