12 қыр, 2022 сағат 15:44

Зеленский: Путинмен келіссөзге дайын емеспін


Украина президенті Владимир Зеленский CNN телеарнасына берген сұхбатында қазір Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізуге дайын емес екенін айтты.

Зеленскийдің сөзінше, Украина соғыс жалғасып жатқанда келіссөзге бармайды.

"Олар қақтығысты уақытша тоқтату үшін келіссөзге, келісімге келуге тырысады. Одан соң күш жинап алып, қайта алға жылжиды... Мұндай ойынды ойнағым келмейді" - деді Зеленский.

Зеленский Ресей оккупацияланған Украина жерлерін толық қайтарған соң ғана Мәскеумен келіссөз жүруі мүмкін деп мәлімдеді.

"Ресей бәрібір бізбен шекаралас, бәрібір бұл ел - халқы көп көршіміз. Сондықтан еліміздің оккупацияланған жерлерін қайтарған соң олармен көрші сияқты тұруымыз керек" деді Президент.

Украина қорғаныс министрі Алексей Резников "Ресей әскерін шығарған жағдайда Украина делегациясы ақпан мен наурызда Беларусь пен Стамбулда келіссөзге дайын болған еді. Бірақ қазір бұл мүмкін емес" деп мәлімдеді.

Ал 11 қыркүйекте Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров "Россия 1" телеарнасының эфирінде Мәскеу "келіссөзден қашпайды" деді.

Зеленскийдің CNN арнасына сұхбаты Украина әскерилерінің Харьков облысында Ресей басып алған жерлерін қайтарып жатқан тұста шықты. Украина қарулы күштері қыркүйекте бірнеше күн ішінде Ресей әскерилері бірнеше айдан бері ұстап отырған жерлерді қайтарып алды. Ал Ресей қорғаныс министрлігі мұны әскерилерді "қайта орналастыру шарасы" деп атайды.

Дегенмен қазір Ресей Украинада Херсон, Запорожье, Луганск, Донецк, Харьков облыстарының бір бөлігін бақылауда ұстап отыр.