24 ақп, 2022 сағат 17:35

Украина Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынасты үзді


Президент Владимир Зеленский Украина Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынасты үзгенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Біз Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынасты үздік. Біз қару-жарақ таратып жатырмыз және жерімізді қорғау үшін барлығын жасаймыз", - деді Зеленский бейсенбіде өткен брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, қазір Украина Қарулы күштері "нағыз ауыр соғысты бастан кешіріп жатыр".

Айта кетейік, 24 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин Донбасста арнайы әскери операция басталатынын мәлімдеді. Сонымен қатар ол Ресейдің жоспарында Украинаны басып алу мақсаты жоқтығын айтты.

Кейінірек Ресейдің Украинаға толыққанды шабуылды бастағаны хабарланған болатын. Жергілікті тұрғындар да Ресей мен Украина шекарасындағы бірқатар қалада жарылыс болғанын хабарлап жатыр.

Сондай-ақ, Украина президенті Владимир Зеленский бүкіл елде әскери жағдай жарияланғанын мәлімдеді.

Укринформ басылымының жазуынша, елдің сыртқы саяси ведомствосы Ресейдің шабуылдау операциясы - Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығына шабуыл, БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқықтың негізгі нормалары мен қағидаларын өрескел бұзу екенін атап өткен.

«Украина 1963 жылғы Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының 2-бабына сәйкес Ресеймен дипломатиялық қатынастың үзілгенін мәлімдейді. Біз Ресейдегі украиналықтардың, соның ішінде украин саяси тұтқындарының құқықтары мен мүдделерін қорғауды жалғастырамыз», - деп толықтырды агенттік.

Украина Сыртқы істер министрлігі де Украинаның Ресей Федерациясындағы уақытша сенімді өкілі Василий Покатилоны кеңесу үшін Киевке шақырып, Мәскеудегі Украина елшілігін эвакуациялауды бастады.

Қазіргі уақытта Украинаның Ресей Федерациясының аумағындағы консулдық мекемелері жұмысын штаттық режимде жалғастыруда.