Осы аптаның ортасында Ресей күштерінен азат етілген аудандарды аралаған Украина президенті Владимир Зеленский қалалар мен елдімекендердің қатты қирағанын айтты, деп хабарлайды Азаттық.
Ұлыбритания қорғаныс министрлігі 15 қыркүйекте жариялаған кезекті хабарламасында Ресей күштерінің соққысына қарамастан, украин күштерінің Харьков облысында азат етілген аудандарда бақылауын күшейткенін жазды. 14 қыркүйекте Зеленский азат етілген стратегиялық Изюм қаласына сапарында Украинаға "жеңіс" әперуге уәде берді.
"Көк-сары түсті жалауымыз азат етілген Изюм қаласында желбіреп тұр. Әрбір украин қаласы мен ауылында солай болады. Біз тек бір бағытта ғана – жеңіске қарай жылжып келеміз " деді Зеленский әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында.
Сәрсенбі күні түнде жариялаған видеосында Зеленский украин күштері бес күн ішінде 110 шақырымға алға жылжығанын атап өтті.
14 қыркүйекте кешке Ресей күштері орталық Украинадағы ең ірі қала Кривой Рогқа зымыранмен соққы жасап, соның салдарынан қаладағы су бөгеті қираған. Өзен деңгейі бірнеше метрге көтеріліп, қала тұрғындарына сел қаупі төнген.
Зеленский 15 қыркүйекте жариялаған видеосында Карачунов бөгетінің қирағанын айтты. Оның сөзінше, су бөгенінің әскерге қатысы жоқ және қаланың жүздеген мың тұрғыны сол су жүйесіне тәуелді болған.
Ресей қорғаныс министрлігі шабуылға түсініктеме бермеген. Көп дәлелдерге Мәскеу Украинадағы азаматтық нысандарға соққы жасағанын мойындамай келеді. Кремльшіл блогерлер Ресей күштері су бөгетіне соққы жасау арқылы украин армиясының қозғалысын қиындатқысы келеді деп жазды. Бұл ақпаратты тәуелсіз дереккөздер растаған жоқ.
Видео: Украин күштері азат етілген аудандарды миналардан тазартып жатыр (14 қыркүйек, 2022 жыл. "Настоящее время" видеосы).