Баспанасы бар адамды баспанасызға айналдыру - қылмыс. Мұндай пікірді «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталова білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде елімізде көптеген азаматтың баспанасыз жүргенін көріп отырмыз. Коронавирус індеті кезінде жағдай одан ары мүшкіл бола түсті. Жалғыз ғана баспанасы бар адамдарды пәтерінен қалай айырмақпыз? Қазіргі уақытта Қазақстанда баспанасыздық артып барады. Бизнес нысандар саламыз деп жерін тартып алған кезде азаматтар баспанасынан айырылады. Не болмаса банк кредитін төлей алмай пәтерінен айырылып қалады. Үлескерлік құрылысқа қатысамын деп баспанасыз қалғандар да бар. Пайдалуға берілген үйіне кіріп, артынан одан айырылып қалған адамдар да кездеседі. Бұл - ақылға сыймайтын дүние. Баспанасы бар адамды баспанасызға айналдыру - қылмыс деп санаймын. Сондықтан Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры тұрғын үй мәселесіне арналған заңға өзгеріс енгізуді талап етіп отыр. Сол өзгерістердің бірінде адамдардың баспанасы бостан босқа алынбауы тиістігі көзделген», - деді Зәуреш Батталова.
Оның айтуынша, халықаралық стандартқа сәйкес, балама пәтер бермейінше немесе нарықтық құнын өтемейінше азаматты баспанасынан мәжбүрлеп шығаруға болмайды.
«Бұл заң жобасын өткен жылы бастап, осы жылдың маусымында аяқтаған едік. Бірақ, коронавирус індеті уақытты ұзартып жіберді. Дегенмен, 1 қыркүйекте Президент өз Жолдауында тұрғын үй мәселелері жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізуге тапсырма берді. Сондықтан біз осыдан екі күн бұрын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты комитетпен кездескен едік. Олар бүгінде осы тұрғын үй мәселесі жөніндегі заңдарға өзгерістер дайындауға кірісті. Біз олармен келістік, ұсыныстарымызды жібереміз. Дәл «біздің заңымыз өтсін« демейміз. Біз әзірлеген заңдағы нормалар басқа заңдарға енгізілсе де қанағаттанамыз», - деді ол.
Ал Қазақстан коммунистік халық партиясы Орталық комитетінің хатшысы Жамбыл Ахметбеков заң жобасын Парламент қарауына енгізу процедурасының ұзаққа созылуы мүмкін екендігін айтады.
«Заң жобасы ең алдымен сараптамаға жіберіледі. Оған қаражат қажет болады. Қаражат Үкімет тарапынан бөлінуі керек. Одан кейін оң шешім қабылданып жатса, заң жобасы Үкімет тарапынан қаралып, қорытындысы шығып, Парламентке түседі. Бұл ұзақ уақытта талап ететін жұмыс», - деді ол.