Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеев Қарақалпақстан Республикасының депутаттары, ардагерлері және белсенділерімен кездесу өткізіп, халқына үндеу жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ел президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Бұл күндері біздің елімізде маңызды саяси процесс - Өзбекстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қоғамдық талқылау жүріп жатқаны белгілі", - деді Мирзиеев.
Сондай-ақ, ол конституциялық реформалар елдің одан әрі әлеуметтік-саяси және экономикалық дамуына, азаматтардың құқықтары мен бостандығын нығайтуға, "адами қадір-қасиеті үшін" игі идеяларды іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталғанын айтты.
"Демократиялық қағидаттар мен құқықтық нормалар негізінде азаматтардың өз пікірі мен ерік-жігерін еркін білдіруі үшін жасалған жағдайларға қарамастан, кейбір күштер Конституциялық реформаларға наразылық білдіру сылтауымен агрессия мен зорлық-зомбылық жолын таңдап, Өзбекстандағы жағдайды тұрақсыздандыруға және шайқауға тырысты.
Жалған ақпарат таратудың пысықталған технологияларын және әлеуметтік желілерді пайдалана отырып, деструктивті күштер нақты мақсатты көздеді және азаматтарды Конституцияны бұзатын қызметке тартты.
Олардың басты мақсаты - қоғамды тұрақсыздандыру, мемлекетіміз жүргізіп отырған жасампаз саясатқа деген сенімге нұқсан келтіру, Өзбекстанның аумақтық тұтастығына нұқсан келтіру", - деді президент.