Фото: ашық дереккөз
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері, Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Түркиядан Қазақстан азаматын елге қайтарды, деп хабарлайды Ult.kz.
Ол – құқық қорғау органының бұрынғы қызметкері, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны және заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін күдіктелуде.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті 2015–2016 жылдары Шығыс Қазақстан облысындағы мемлекеттік органда басшылық қызмет атқарып жүргенде ойын бизнесіне қамқорлық жасап, жүйелі түрде пара алған. Қылмыс әшкереленгеннен кейін ол жасырынған және 7 жыл бойы халықаралық іздеуде болды.
2024 жылдың қаңтарында күдікті Түркияның Измир қаласында ұсталып, Қазақстанның сұрауы бойынша экстрадицияланды. Қазір ол тергеу изоляторында қамауда отыр.
Бұған дейін қылмыстық топтың басқа мүшелері түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Ал бұл күдіктіге қатысты айып дәлелденсе, Қылмыстық кодекс бойынша оның мүлкі тәркіленіп, 12 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бас прокуратура шетелде жасырынып жүрген сыбайлас жемқорлық пен экономикалық қылмыс жасағандарды анықтау және жауапқа тарту жұмыстарын жалғастырып жатыр.
