19 қар, 2016 сағат 08:41

Заңды ізгілендіру – істі ілгерілету

Кеше Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті еліміздегі «Қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнамасын одан әрі жаңғырту» тақырыбында парламенттік тыңдау өткізді. Шараға Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин, Бас прокурор Ж.Асанов, Ішкі істер министрі Қ.Қасымов Жоғарғы соттың Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы А.Рахметулин мен қос палата депутаттары және мүдделі мемлекеттік органдардың, парламенттік емес партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де қатысты.

Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Н.Әбдіров жетекшілік еткен отырыста құттықтау сөз сөйлеген Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин 467 баптан тұратын Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясының көтерер жүгі ауқымды болатындығын атап өтті. «Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырында Мемлекет басшысының ерен еңбек, көреген саясатының арқасында Қазақстанның құқық саласы біріздендіріліп, биік белестерді бағындырды. Оны әлемге әйгілі халықаралық ұйымдар да өте жоғары бағалауда. Бұл біздің елде адам құқы қорғалатындығын және оны қолданыстағы заңдарымыз қамтамасыз ете алатындығын айқын көрсетеді. Десек те, қоғамымыздың өсіп-өркендеп, дамып жатқаны секілді, заңдарымыздың да уақыт талабымен үндесуі үшін жетілдіріп, толықтырып отыруымыз қажет. Сондықтан да біз бүгін қылмыстық-процестік заңнамамызды жетілдіріп, жаңғырту мақсатында осындай парламенттік тыңдау өткізіп отырмыз», – деді Нұрлан Зайроллаұлы.

Мәжіліс Төрағасынан кейін сөз алған Бас прокурор Жақып Асанов заң жобасының ескі нұсқасы мен жаңа редакциядағы Қылмыстық кодекстің бес негізгі ерекшелігін екшеп айтып, айырмашылықтарын түсіндіріп берді. Оның айтуынша, еліміздің заңнамасын ізгілендірудің нәтижесінде қол жеткізілген оң көрсеткіштер аз емес көрінеді. «Соның бірі – жалпы қылмыс жасағаны үшін жаза тағайындау көлемі бүгінгі таңда 30 пайызға төмендеді. Мәселен, бұрындары ұсақ ұрлығы үшін қамауға отырғызылатын болса, қазір оның баламалы жазалау түрлері көп. Яғни, ұсақ-түйек әрі аса қауіпті емес деп танылған қылмыскерге қоғам мен отбасынан оқшауланбай-ақ, түзелу мүмкіндігі беріледі. Міне, заңның ізгілендірілуі бізге осындай жағдайлар жасауда», – деді Жақып Қажманұлы.

Сондай-ақ, Бас прокурордың мәліметінше, Қазақстанда «түрмедегілердің санын қысқарту бойынша 10 қадам» жобасы аясында елімізде темір торға тоғытылғандардың саны 30 пайызға дейін азайыпты. Нәтижесінде, әлемдік түрме рейтингінде Қазақстан 30-шы орыннан 62-ші орынға төмендеген.

Парламенттік тыңдауда баяндама жасаған Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов болса, Қылмыстық кодекстің заман талабына сай жетілдіріліп, ізгілендірілуін әңгімеге арқау етті. Оның сөзінше, кейбір заңдардың гуманистік маңыздылығы жоғарылағанымен, құқық қорғаушылар қауымы тәжірибе жүзінде кереғар жағдайларға тап болып жататын көрінеді. Мәселен, жаңа нормаға сәйкес, отбасының мазасын алған жанжалқой адамды полицейлер үш сағаттан артық ұстай алмайды. Ал ішімдікке тойған ол, полицейлердің үш сағаттық «қамауынан» кейін өзінің «баяғы әуеніне» қайта басуы бек мүмкін. Сол сияқты, отбасындағы соққыға жығу мен ұрыс-керіс сынды тұрмыстық жанжалдарды қылмыстық «астарынан» ажырату, заң мазмұнын адамгершілікке жақындатқанымен, оқиға салдарынан кісі өлімінің көбейгендігі расталған.

Осылайша, заң жобаларының астарын бүге-шігесіне дейін ашық талқылаған парламенттік тыңдаудың мақсаты – қылмыстық әділет саласындағы кодекстерді қолданудың жай-күйін жан-жақты қарау болатын. Өйткені, аталған заңнамалық актілердегі олқылықтарды анықтау мен оларды одан әрі жетілдіру жолдары Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында атап көрсетілген.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»