Қазақстанда Президенттің туыстарына лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынса, Қазақстанның Болгариядағы елшісі Теміртай Ізбастин қызметінен кетеді. Бұл туралы әділет министрі Қанат Мусин айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
ОКҚ-дағы брифинг барысында журналистер министрден Президенттің туыстарына лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу туралы заң жобасы жөнінде сұрақ қойған. "Бұл жағдайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туысы, Қазақстанның Болгариядағы елшісі (Теміртай Ізбастин - авт. еск.) қызметінен алып тастала ма" деп сұрады журналистер.
"Президенттің туыстарына лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынса, бәрі заң бойынша жасалады. Қызметтен алып тастау деген - кеңес кезінен қалған термин. Ол қызметін босатады, себебі заң бойынша бұл қызметті атқара алмайды", - деді Мусин.
Айта кетейік, Теміртай Ізбастин Қазақстан Республикасының Болгария Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі қызметіне 2019 жылдың 1 қарашасында тағайындалған болатын.