15 сәу, 2022 сағат 15:31

Юлия Путинцева Германиямен матчта Қазақстанды алға шығарды


Ұлттық теннис орталығында Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңінде Қазақстан – Германия матчы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алдымен кортқа Юлия Путинцева мен Анжелика Кербер шықты. 

Әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің үш мәрте жеңімпазы А.Кербер қазіргі кезде 17-орында болса, Ю.Путинцева 52-сатыда еді. 

Бұған дейін германиялық теннисші Юлияны екі рет ұтқан еді.

Бірінші партияны қарсыластар брейк алмасумен бастады. 

Содан кейін А.Кербер қарқынды ойнап, есепті 5:1-ге жеткізді. Ю.Путинцева брейк жасағанымен, одан әріге шамасы жетпеді – 3:6.

Есесіне екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте Юлия брейк жасай білді. 

Тағы бір брейкпен өзінің геймін де алды – 5:1. Бұдан соң Анжелика есепті қысқартқанымен, қазақстандық теннисші сетті тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:3.

Үшінші, шешуші сетте Путинцева 3:0 есебімен алға кетті. Сосын матчты тағы бір брейкпен бітірді – 6:2.

Тартысты өткен бәсеке барысында Ю.Путинцева, әсіресе, қысқа соққылармен қарсыласын қапы қалдырып отырды.

Осылайша Қазақстан 1:0 есебімен алға шықты.

Енді бүгін жекелей сында Елена Рыбакина мен Лаура Зигемунд шеберлік байқасады. Қалған ойындар ертеңге жоспарланған.