16 мам, 2018 сағат 14:09

Юкио Мисима. Бозбала ақын (аударма)

Юкио Мисима. Әлем әдебиетіндегі аса әйгілі есім. Шектен тыс еркіндіктің бейнесі. Таңғажайып қиял әлемінің әміршісі. Өз ұлтының көзінде ол "Батыс адамы" тұрпатында көрінгенімен, біз секілді өзге тұрмыс, өзге дәстүр, өзге таным - жалпы өзге табиғат иелерінің көзінде архетиптік жапон боп елестері анық. Асылы, оның жан дүниесі үшін жапон әдебиеті классикасы мен белгілі өкілдерінен бұрын, Радиге, Бодлер, Ницше, Томас Манн және Райнер Мария Рильке сынды алыптардың әлемі жақынырақ болды. Өмір бойы сүйікті ісімен ғана шұғылданған, аспани сәулемен қуаттанған санасының, дүниетанымының рухани жетілуіне көп көңіл бөлген, егер солай деуге келсе - өзіне идеал ретінде "ғашық" та болған әсіре-нарциссист Кимитакэ Хираока (Мисима - А.И) өз даосымен*(道) ғана жүрді. Сол жолдан айнымады да. Жан баласының алдында елпектеп-ебелектемей күн кешкен ол өмірдің ауыртпалығын жалғыздыққа жеңдірген. Ал, жалғыздық оны жеңе алмады...

Жас ақынның белгісіз әйелге деген балаң сезімі мен ақылсыздау ынтызарлығын, болмаса Иводзима аралында өмір сүрген он сегіз жасар жасқаншақ балықшы мен токиолық студент қыз арасындағы махаббатты соншалық шынайы жеткізген ол кейде 17 ғасырда өмір сүрген Шекспирден аумай кетеді. Тек сән мен салтанатқа масайраған өмірсіз, айғай-шуға булыққан ортасыз, жалған да жалған көпірме сөзсіз.

"Бозбала ақын". Юкионың бұл шығармасы 1954 жылдың соңғы айларында жазылып, тек екі көктем өткен соң ғана әңгіме аттас ( 詩を書く少年 / Shi o Kaku Shōnen) жинаққа енеді. Тура сол шақта Мисима өзіне өшпес жазушылық даңқ әкелген "Алтын ғибадатхана" романын кітап қып басып шығарған болатын. Еуропа мен Азияның арғы-бергi әдебиетiн пiстедей шағатын, сөз өнерiнiң өзiне дейiнгi барлық ағымдарынан жақсы хабардар "Дәстүрлi жапон мәдениетiнiң ең соңғы өкiлi" өз бiлiм-бiлiгiн кейiн - әдеби шығармаларында да жақсы пайдаланған. Әмірхан Балқыбек айтпақшы, оның бойындағы һәм санасындағы ғажайып мол қиялмен үлкен әдебиетке келмеу, ғажайып туындылар жазбай қалу мүмкiн емес еді. Солай болды да. Ол - Жапония халқынан бөлек, Төрткүл Дүниедегі ең талғампаз оқырманды өз талантына табындыра білді. Ендеше, көк тұңғиық ішінен тап келер "Сұлулық эскадрильясының ұшқыш-камикадзесiнің" жан тебірентіп, ой салар осы бір әңгімесін Ата тілімізге аударылған нұсқасында (Елена Байбиковадан) оқып көріңіз.

Айбол Исламғали

 

                                                                    ***                      

Ол қолына қалам ұстаған сәтте еркін көсілетін. Мұқабасында Гакусюиннің эмблемасы бар отыз беттік дәптерін тез толтырған. Күніне екі-үш өлең жазатынына баланың өзі де ерекше таңданатын. Бір жұма бойы үйінде сырқаттанып жатқанында «Апта» атымен өлеңдер жинағын да құрастырды. Дәптерінің алғашқы бетіндегі «Poesies» жазуы анық көрінуі үшін мұқабасын мұқият сопақшалап қиды. Ал, жазудан сәл төменірек ағылшынша «12th-->18th MAY 1940» деген белгі қалдырды.         

  Оның шығармашылығына мектептегі жоғары сынып оқушылары да қызығушылық танытқан. Алайда, өзінің небары он бес жаста екенін есінен шығара алмаған бала, олардың ілтипатына күмәнмен қарап: «бұл жәй ғана шу, мүмкін емес, сенбеймін» деп, жұмбақ әлемінде жасырынып қалатын.

  Дегенмен Тәңірден келген ерекше талантының шексіздігіне мүлде күмәнданбаған. Соны себеп қылды ма екен, үлкендермен дауласуы жиілей түсті. Өйткені ол «менің ойымша, бәлки...» деген таптаурын сөздерді естігісі келмеді. Тек барлық нәрсенің өз орнында болғанын қалады.

   Басы артық азғындықтан әлсірегенімен, өзінің “ұсқынсыз ақымақтығына” мән бере қоймады да. "Өлең – бұл жиіркенішті физиологиялық сезімдермен... бір арнада тоғыспайтын мағынасыз құбылыстарға еш қатысы жоқ субстанция" деп ойлады. Сондықтан да өтірікті шебер жеткізетін. Оны бұл өнерге баулыған – өлеңге деген құштарлық, сөзге деген ынтызарлық. Сөз. Сұлулықтың бәрін сол құдіретті әлемнен іздейтін. Қызығы сол, бір сәтке болсын сөздіктен көз алмайтын.

  Шабыттанған шақтарында аллегория әлемі құшағын жаятын: жұлдызқұрттар жабайы шие жапырақтарын шілтерге айналдырар; ауада еркін жүзген тастар да жайқалған емен басынан әрі асып, теңізді тамашалауға аттанар. Жүзбелі крандар қыс аязымен қақталған теңіздің әжім басқан бетін сапырып, суға кеткен адамды іздер. Алқызыл түске малынған шабдалы жемісі саратан қоңызды өзіне баурай берер. Абыр-cабыр қарбаласқан адамдардардың айналасындағы ауа кенет жалын аузымен түтіндеп, қаһарлы от құдайы Фудомёнің артындағы жалын құшқан бағанадай құлар. Алагеуім шақта йод тұнбасының түсімен боялған Күн де жаман ырымға бастар. Қыстағы ағаштар өзінің сериген сирақтарын аспанға созар. Терезеден камин ошағы алдында жалаңаш жатқан сұлудың қыз емес, жасанды гүл екені байқалар. Бір мезетте оның суыққа тітіргенген денесі шибарқыт гүлшанаққа айналар...         

  Ол айналасындағы әлем өзгере бастағанда бойындағы ең асқақ шаттықты сезінді. Өлеңнің осындай бақытты шақтарда келетіні де таңқалдырмады. Поэзияның мұңнан, қарғыс пен түңілудің және жалғыздықтың шыңырау түбінен бастау алатынын ұқты. Осының бәрі шындыққа ұласуы үшін өзін-өзі жете түсінуі керек еді. Бір қызығы, ақылдылығына қатты сенімді болғандықтан, санасында өзіне деген қызуғушылықты оята алмады. Кереметтің бәрін мүлде бөтен ғаламшардан іздеді. Асылында, бала себепсіз бақытқа кенелгенде, бұл сұрқия әлемді өзі қалағанындай көрді.

  Кездейсоқ бақыттың өз поэзиясының негізі болғанын, я жан-дүниесінен шыққан өлеңдердің бақытқа бастағанын түсінбеді. Әйткенмен бұл “бақыттың” әке-шеше алып берген арманындағы ойыншықтардан һәм жан баласы баспаған жарық мекендерді сая қылғаннан өзгерек екенін сезді. Иә, ол - өзінің ғана тәлейіне бұйырған ерекше сезім еді.

  Шындығында, бала бойын бақылауда ұстауды, сыртқы әлемге де ұзақ сүйсінуді ұнатпады. Назарын аударған зат сол сәтте-ақ құбылмаса, айталық, мамыр айындағы күннің сәулесіндегі жарқырап тұрған жапырақтың ішкі беті түнде гүлдеп тұрған жабайы шиеге айналмаса, оны тамашалауға деген ынтасы лезде жоғалатын. «Бұдан поэзия тумайды» деп, ешқашан өзгермейтін мұндай құбылыстарға асқан немқұрайлылықпен қарады.

 Емтихан кезі-тұғын. Оған өзі күткен сұрақтар келді. Берілген тапсырманы көзді ашып-жұмғанша жазып тастап, жауаптарын тексерместен, дәптерін мұғалімнің үстеліне қойған беті сыныптан шығып кетті. Таңсәріде мектепте жан баласы болмап еді. Бас қақпаға қарай бет алды. Алаңқайда келе жатып, тутұғырда жарқыраған алтын шарға көзі түскен сәтте бақытты шақтың толқыны ұрып өтті.

  Мерекеде ғана желбірейтін ту бұл күні көтерілмеген болып шықты. Бірақ, ол осы таңның өзі үшін мейрам екенін түсінді. Алтын шар оған сәулесін сыйлап, құттықтағандай көрінді. Жаны денесінен жеңіл сусып шығып, өлеңге айналды. Қандай қуаныш! Мінсіз үйлесім мен алабөтен жеңілдік оны масайтты. Бұл - сыртқы әлем мен ішкі әлемнің түйіскен тұсы еді.

 Егер осы сезімдер оған өз еркімен келмесе, әртүрлі айлаға жүгініп, бүкіл әдіс-амалды қолданып, масаюға тырысатын. Бірде жолбарыс түстес темекі сауытын көзіне тақап, тасбақа баданасының саңлауынан бөлме ішін сүзіп шығатын. Тағы бірде анасы пайдаланған бояуды күшпен шайқағанда пайда болатын ақ көпіршіктердің түбіне дейін түсіп, артындағы мөлдір су қабаттарының баяу биін бақылайтын.

  Дұға оқығанда да, әлдекімге қарғыс айтқанда да, болмаса, біреуді табалап тұрған шағында да ештеңе сезбеді.

 

 Ол мектептегі әдеби ұйымның мүшесі еді. Айы оңынан туған күндердің бірінде ұйымның төрағасы жиналыстар мен кездесулер өтетін кабинеттің кілтін өзіне сеніп тапсырды. Содан бері, кез келген уақытта сүйікті сөздіктерімен жеке қалатын болды. Балаға әлем әдебиетінің сөздігі өзгелерінен қатты ұнайтын. Романтикалық мектептің ақындары бар парақтар ерекше ыстық көрінетін. Олардың келбеті мұртсыз, сабалақ сақалсыз, әдемі әрі нұрлы боп елестейтін.

  Тағы да оны танымал ақындардың жастай өлгені қызықтырды. Ерте келген өлім... Ақын ертерек кетуі керек... Бірақ, ол он бес жасында «ерте өлім» ұғымын толық түсінбеген-тін. Белгілі бір дәрежеде арифметикалық қорғаныш құбылысын түйсіну - өмірден ерте кету туралы шексіз қуанышпен ойлануға мүмкіндік берді.

  Ол Уайльдтың «Китстың бейіті» аты өлеңін өте қатты жақсы көрді.

          Өтірік пен дүние дертінен арылған,

          Өмірге һәм махаббатқа табынған,

          Көк Тәңірі құдіретіне малшынып,

          Жас ақынның мүрдесі жатты бұйығы...

  «Өмірден һәм махаббаттан қағылған жас ақынның мүрдесі». Ақынның ауыртпалығы мен бақытсыздығының жақсылық пен қуанышқа айналатыны баланы таңдандырды. Ол Тәңір жазған тағдыр заңдылықтарының үйлесімділігіне, соның ішінде суреткер өмірінің үйлесімді әуезділігіне сенді. Онысымен қоймай, болжамдарынан өз дарынына сенгендей мүлде күмәнданбады.

  Балаға өлген соң келетін атақ пен даңқты ойлау да ұнайтын. Асқан ынтызарлықпен соңғы сөзін дайындап жүрді. Бұл қуанышын көлегейлеген жалғыз нәрсе - өлі денесі жайлы ойы. «Өмір от шашу секілді болуы тиіс: сен түнгі аспанда бір сәтте көз қарықтырардай жарқылдап, сол сәтте сөнуің керек», - деп салмақты кейіпте терең ойға бататын. Осы тақырыпта көп тебіреніп, өмір сүрудің басқа жолын таппады. Ал, өз-өзіне қол жұмсау туралы ой оның санасында тек жағымсыз әсер қалдыратын. Оны алдамайтын ішкі сезімдердің дер кезінде өлім әкелетініне үмітпен қарады.

 Поэзия баланың жан дүниесін жалқаулықпен арбап, кесірін тигізгендей көрінетін. Шынтуайтында, оның жаны осынша құбылмалы болмаса, өз-өзіне қол жұмсау туралы ойға жауапты қарайтын еді.

  Таңертеңгі жиын кезінде аға тәлімгер оны қатардан шығарып алып: «Сабақ басталар алдында менің кабинетіме келерсің», - деді.

  Бұл - мұғалімдер бөлмесіне шақыртылғаннан да жаман еді, себебі, аталған кабинетке оқушы тек бұзықтық жасаған кезде баратын. «Өзіңді не үшін шақырғанын білесің бе?» деп, достары келемеж қылды. Осы мазақтың кесірінен өңі бозарып, қолдары дірілдеді де.

  ...Аға тәлімгер темір көсеумен сөнген пештің күліне түсініксіз белгілер сызған қалпы баланы ерекше тебіреніспен күтіп отырды. Кабинетке кірген болашақ серігіне ұрыспай-ақ, еркелете сөйлей бастады:

        - Отыр. Мен сенің мектеп журналындағы өлеңдеріңді оқыдым.

   Әңгіме ортасында ол баладан жанұясы мен өлеңдері жайлы толық мағлұмат алуға кіріскен... Бітпейтін сұрақ-жауап тартысында барлығы құпия қалғандай болды. Байыпты отырыстың соңы екеуара диалогпен аяқталды:

       - Ақындардың екі түрі болады: бірі Шиллер, бірі Гёте. Шиллердің кім екенін білесің бе?

       - Cцхиллер болуы керек.

       - Иә, иә, дәл өзі. Саған Шиллер болудың қажеті жоқ. Сенің Гёте болуың керек.

  Ұстаз кабинетінен шыққан бала ой үстінде сыныбына қарай беттеді. Арада болған әңгімеге риза емес еді. Аяғын сүйрете басып, тұнжырап келеді. Гётені де, Шиллерді де оқымаған, бірақ олардың портреттерін әлем әдебиетінің сөздігінен көрген. Бір сәт: «Маған Гётеге қарағанда, Шиллер көбірек ұнайды. Себебі ол - жас» деп ойлады.

 

  Бес жас үлкендігіне қарамастан, әдеби клубтың төрағасы Р. бала жайлы жақсы ойда еді. Тиісінше, ол да дұрыс көзқараста болды. Неге? Өйткені ақылды адамдар (Өзін «ең бақытсыз дана» санайтын Р. жас айырмашылығына мән бермей, баланың ақылдылығын шүбәсіз мойындайтын) дос болуы керек. Өзінің тегімен мақтанғанды жаны сүйетін, Вилье де Лиль-Аданды құрмет тұтатын маркиздің ұлы Р. көне ақсүйек отбасындағы әдеби дәстүрді жалғастырып, бойына тән өзгеше сағынышпен жыр жазатын. Біраз уақыт бұрын Р. жеке қаражатына өлеңдері мен әдеби пікірлерін жинақтап, шағын кітап та шығарған. Сол кітапқа бала қызыға да қызғана қарайтын.

  Екеуі күнделікті хат алмасушы еді. Бұл іс оларға ұнады. Күн де таңертеңгілік Р.-дан өрік түстес көркем конвертпен хат келетін. Жуан көрінгенімен, жеңіл конверттің ішінен шыққан ауыр да салмақты ойлар баланы қуантып жүрді. Достар мезгілсіз хаттармен қатар сиясы кеппеген өлеңдерімен алмасқан. Жаңа дүниелері болмаған шақта ескі жазбаларымен бөлісу - мүлде оғаш көрінбейтін.

  Хаттарының тілі мен мазмұны тым қарабайыр еді. Өлеңге пікір жазудан басталған сұхбаттарға ешқашан таусылмайтын және ешқандай мағына бермейтін музыка төңірегіндегі шатпақтарды, тіршілік эпизодтары мен әдемі қыздар туралы ойларын, оқыған кітаптары жайлы пікірлерін, жалғыз-ақ сөздің әсерімен поэзияның құпия әлемі мен түндегі түстерге еліткен шақтардағы сезімдерін араластырып отырды. Жиырмадағы жігіт пен он бес жасар баланың арасында орнаған осындай жоралғылар оларды жалықтырған емес.    

  Бала Р.-ның хаттарынан бұрын-соңды сезінбеген әлдебір меланхолиядан түсініксіз мұңға батып, өзіне деген аздаған сенімсіздіктің көлеңкесін байқады. Бұл сенімсіздік адамның шындық бетіне тура қарай алмағандағы сезімімен пара-пар еді. Р.-ның күмәні мен қорқынышы  өз хаттарына күйініш пен дәрменсіздік реңкін берді. Ал, бақыттан басы айналған бала өзге біреудің қасіретінің көлеңкесі өзіне ешқашан түспейді деген сенімде болды.          

  Ол - ақымақтықтың шынайы бейнесі жөнінде бір сәт те ойланған жоқ. Бұл туралы ойланудың сәті түсетінін білмейтін де еді. Ұзақ жылдар бойғы күрестен кейін Гётенің түбіне жеткен қарттық пен шарасыздық өзіне еш қатысы жоқтай көрінді. Сұлулық пен қараңғылықтың шекарасы бар бозбала шақтың сұлбалары одан алыс жүрді. Өзі байқаған барлық ұсқынсыз ойларды да лезде ұмытатын.

  Ол - өнер мен оны жасаушы суреткерлердің арасын тұтастырып жіберетін иллюзияларға және жер бетіндегі жас қыздарды өнер адамдарына сүйсінген кейіппен қарауға мәжбүрлейтін қиялға шалдыққан. Өзіне көңіл бөлмегенімен, армандарының бәрі өзі жайлы еді. Армандары - қыздың жалаңаш жері бір сәтте жасанды гүлге айналатын аллегория мен метамарфоза әлемінің бөлшегі болатын. "Сұлулықты жасаушылар мүлде ақымақ бола алмайды". Бала бұған қалтқысыз сенді. «Расында ақылды адам сұлулықты жасауға мұқтаж ба?»

  «Мұқтаждық?» Егер баладан осы жайлы сұраса, күліп жауап қайтарар еді. Өлең жазғанында бойын билейтін соңғы сезім - шығармашылық толғаныс. Оған қарсы шыққанымен, ылғи жеңіліс тапқан. Саусақтарына билік жүргізетін де - сол. Оның бұйрығымен қағазда бірінен соң бірі көркем иероглифтер жүгіре бастайтын. Өлеңдері де соншалық өрелі болатын. Мұқтаждық болса, бір нәрсе жетіспегенде қылаң бермек. Ал, балада еш дүниеге деген қажеттілік болмады. Өлеңінің бастауын «даналықтан» көрді. Қандай жағымды сөз?! Ол жанына тым тереңде жатқан маңызды дүниелерден бөлек сезімдер жетіспейтінін ұқпады да. Оған сенген күннің өзінде, ешқашан «мұқтаждық» деп атамас еді. Өйткені «даналық» деген сөзді шексіз ұнатты.

  Кейде өз өлеңдеріне сын көзбен қарайтын. Жоғары сынып оқушыларының арасында танымал төрт жол болды. Оның мағынасыздығынан ұялып та жүрді. Сол әйгілі төрт тармағы былай өрілген:

        Мөлдір шыныдан жылтылдайтын

        тұңғиық көгілдір аспандай

        сенің терең көздеріңде

        жұмбақ сезімдер жасырынған шығар...

  Әрине, айналасындағылардың мақтауы баланың жанына жақты, бірақ ол мадаққа құмар болмады – бұдан оны тәкаппарлығы құтқарды. Анығында, Р.-ның таланты да баланы аса таңғалдырған жоқ. Р.-ның аз да болса, әдеби клуб мүшелерінің арасында ерекшеленіп тұратындығы баланы қызықтырмады. Оның жүрегінде мұз қатып жатқан. Егер Р. жас досының сөзуар ақылдылығына таңқалмағанда, бала оның талантын мойындамай өтер еді...

  Адамдарша күн кешкенімен, өз бойынан тыншыған әлемін нұрландырар елірген балалық екпінге орын таба алмады. Жылына екі рет - көктем мен күзде бейсболдан жарыстар өтетін. Сол ойындарда Гакусюин тобы жеңілсе, жанкүйерлік еткен төменгі сынып оқушылары қапаланған ойыншыларды қоршап алып, бірге жылайтын. Ал, бала ешқашан жылаған жоқ. Ол ештеңеге қайғырмайтын.

  «Жеңілді, мұнда тұрған қайғылы не бар?» деп ойлады. Мұндай ойлар оны жылаған жүздерден тым алысқа әкететін. Жоқ, әсте сезімсіз емес-тін, тек өзге адам қабылдай алмайтын сыртқы әлемнің білінер-білінбес қозғалысын жаны оңай аңғаратын. Оның сезімталдығының мүлде басқа қасиеті болды. Тек өзгелердің көз жасын көлдетуге себеп болар дүниелер бала жүрегіне тамшыдай әсер еткен жоқ.

  Күн өткен сайын махаббат тақырыбындағы өлеңдері көбейді. Ал, өзі әлі күнге дейін ғашықтық сезімін басынан өткермеген. Жай ғана табиғат метаморфозасы туралы өлең жазудан жалыққан ол жан дүниесінің метаморфозасын баяндауға көшті. Тереңіне бойламаған тақырыптарға барудан еш арланбайтын. Анығында, өнердің сезінуден тұратынын әлдеқашан ұққан. Тәжірибесіздігі тіпті де уайымға салған жоқ. Оның ішкі әлемі мен шынайы өмірдің арасында қарама-қайшылық болған емес. Сол себепті жан дүниесіндегі толғаныстардың шынайы әлемнен артық тұстарын дәлелдеуді қажет деп есептемеді. Ең ғажабы, бүтін дүниеде бүгінге дейін өзі кешпеген күйдің жоқтығына иманындай сенді. Бала ғаламда бар сезімнің негізгі бейнелерін қабылдап, оны уақытында жеткізе білдім деп ұқты. Қалған уайымды «жан толғанысының» белгілері деп санады. Бірақ, «жан толғанысы» деген не? Бұл сұраққа да жауабы дайын еді (ол да өзінің анықтамасы): «Жан толғанысы – Cөз»     

  Жо-жоқ, бала әлі өзінің жеке, қайталанбайтын тілін қалыптастырып үлгермеген. Дегенмен, сөздіктен алынған ең қарапайым сөздерінің өзі толыққанды мазмұнға ие екенін және әртүрлі мағына беретінін түсіне бастады; сөздердің дәл осы қасиеті өз ойын білдірудегі мінсіз құрал екенін сезді. Бірақ, ода “өз ойын білдіру нақты бір өмірлік тәжірибеге сүйенгенде ғана мүмкін болмақ” деген түсінік жоқ еді.

  Біздің ішкі жан дүниеміздің сөздермен, яғни тілмен алғашқы қауышуы - бұл жай ғана жалқының жалпымен жанасуы емес, сонымен қатар жан-жақтылық арқылы қалыптасатын "өзіндік" - жеке тұлғалық қасиеттерге ие болу. Сөзбен жеткізу мүмкін емес бұл тұлғалық тәжірибе белгілі бір дәрежеде әрқайсысымыздың бойымызда бар. Ол - балада да болды. Әдетте, бейтаныс сөз кездескенде, өзін жайсыз сезінетін, дей тұрғанмен жаңа сөздің астарында әлі сезініп көрмеген жұмбақ толқыныстар жасырынып жататынын білген. Бәрінен бұрын, әр ерекше құбылысты дәл осылай танудың арқасында, бала өзі құралпыларға мүлде тән емес жан тыныштығына ие болды. Оның бойын бөтен бір сезім билеп алғанда, сол сезіммен бірге келетін жайсыздықты түсініксіз сөздер қауыштырған үреймен салыстыратын. Олардан үйлесімділік тапқан соң, жай-күйін бейнелейтін қажет сөзді есіне түсіріп, өзін қандай сезім билеп тұрғанын жан-тәнімен сезінетін. Мұндай жағдай жиі қайталанып жүрді. Соның арқасында бала "сүйікті болу" мен "маxаббатты жоғалтудың", "қарғыс айту" мен "қайғыға батудың", "қорлану" мен "көңіл қалудың" не екенін түсініп те үлгерді.

  Әрине, бұны қиялдың ойыны деп жеңіл қабылдауға болатын. Бірақ бала қатты толғанды. Егер шынымен қиял туралы сөз болса, біз өзге адамның қайғысын сезінген кезде жан ауыртып, дімкәстікке жетелер аянышты хәлге түсеріміз анық қой. Алайда, баланың жүрегінде қатқан мұз уайымға берілуге қабілетсіз боп қалды. Ақиқаттың ауылы алыста қалып, мұрынының астынан міңгірледі: «Міне, бұл - «жан төзгісіз дерт» деп аталады. Мен анық білемін».

 

  Мамырдың мамыражай күні еді. Сабақтар ендігі аяқталған. Бала  біреуді кездестіріп, үйге оралғанша әңгіме-дүкен құра тұрайын деген үмітпен әдеби клубтың кабинетіне бет алды. Жолда күтпеген жерден Р.-мен соқтығысып қалды.

  - Маған керегі де сен едің. Жүр, аз-мұз әңгімелесейік, - деді Р. Сөйтіп, екеуі мектептің бұрынғы орнындағы барақ тәрізді үйге қарай аяңдады. Кешегі оқу бөлмелерінде бүгін небір үйірмелердің жұмыс жүргізіп жатқаны көрінді.

  Олар ғимаратқа кірді. Іші жұқа тақтайлы қабырғалармен бірнеше бөлмеге бөлінген. Әдеби клуб бірінші қабаттың елеусіз бір бұрышында еді. Дене шынықтыру пәні өтіп жатқан тұстан алдымен шу мен күлкі естілді, содан соң тәрбиеленушілер мектеп әнұранын шырқай бастады. «Музыка» бөлмесіндегі фортепьянодан тараған әуен құлаққа талып жетті.   

  Р. жұқа тақтайлы есіктің құлып оймасына қарайған кілтті сұқты. Бұл есік - кілтті бұрағаннан кейін міндетті түрде дене күшімен итермесең, оңайға ашыла қоймайтын есік еді.

  Бөлмеде ешкім болған жоқ. Әдеттегідей шаңның иісі аңқыды. Р. терезенің сұқпатиегін шертіп ашты. Әбден былғанған қолдарын қағып ап, жартылай сынған ескі орындыққа жайғаса кетті.

  Аздаған үнсіздіктен соң бала:

       - Мен кеше түрлі-түсті түс көрдім. Үйге оралысымен, сізге осы турасында хат жазуды ойлағам. (Бала түрлі-түсті түстер ақынның ерекше артықшылығы болып табылады деген берік сенімде болды). Түсімде қызыл төбе көрдім. Батқан күннің алқызыл сәулесінен ғажайып түске оранған жерден көзді бұрып әкету қиын еді. Кенет сол жағымнан бірге ұзын шынжыр сүйреген адам пайда болды. Артында өзінен бес-алты есе ірі тауыс келе жатты. Тауыс қанаттарын сілкіп қағып, жанымнан салтанатты түрде өте шықты. Әрбір қауырсыны - ашық жасыл түсті. Өне бойы жарқырап, құлпырып тұрды. Бұл - ғажап көрініс. Мен оны жетектеген жанмен бірге көкжиекке сіңіп кеткенінше бақыладым. Мұндай түс көремін деп мүлде ойламағам. Сондай қанық түстер! Сірә, өте қанық! Қызық, Зигмунд Фрейд жасыл түс туралы не айтты екен?..

            - Иә, -  дей салды Р.

  Ол бүгін әдеттегіден өзгеше көрінді. Баяғы өңін сақтағанымен, дауысындағы бәсең іңкәрлік жоғалыпты. Р. баланың әңгімесін кәдуілгі қызбалығына салынбай үзбей тыңдап шықты. Кішкентай досының “сүйкімді монологы” оны толғандырмайтыны байқалып-ақ тұрды: тыңдады, бірақ естімеді.

  Күртешесінің тік жағасының айналасынан ағараңдаған қайызғақтар көрінді. Жарық сәуле жағаға тігілген жабайы шиенің бүр жарған гүліндей алтын белгімен шағылысып, Р.-ның жүзіне шуақ боп төгілген. Қоңқиған мұрыны шұғылаға боялған қалпы бөлме қараңғылығында қалықтап жүргендей болды. Мұрны үлкен болғанымен, пішіні келісті еді. Ол қожайынының бойындағы түсініксіз сезімді жеткізіп тұрды. Балаға дәл осы дене бөлігі Р.-ның жан қиналысын бәрінен анық бейнелейтіндей көрінді.

  Үстел шаңының үстінде түзетуге берілген қағаздар, мектеп жарғысы, өзексіз қызыл қарындаш, Гакусюинның бұрынғы түлектеріне берілген журнал тігіндісі мен әлдекімнің қолымен алғашқы жолы басталып, аяқталмай қалған өлеңі бар парақ шашылып жатты. Бала осындай шығармашылық күйді қатты ұнатты. Р. үстелді ретке келтіруге жиналғандай қолын созып, корректураны алды. Жіңішке, биязы саусақтары мұндағының бәрін бүркеп алған шаңның өзіндей сұрғылт түске боялды. Бала күліп жіберді. Ал, Р. жымиған да жоқ. Қолын қағып-сілкіп, тамағын қырып, былай деді: 

           - Білесің бе, бүгін мен сенімен әлдебір жайт туралы сөйлескім келген.

           - Қандай жайт?

           - Түсінесің бе?!- деді Р. Шамасы, ұзақ уақыт ішінде сақтап келген құпиясын ашар сәттің жеткенін сезінсе керек, аптығып сөйлей жөнелді, - Бұл күні мен қатты азаптанып жүрмін. Не істерімді де білмеймін.

           - Сіз ғашықсыз ба? – бірқалыпты дауыспен сұрады бала.

           - Иә...

  Содан соң Р. оған өз жағдайын баяндады. Өзге бір еркектің жас келіншегімен арадағы xикаясы турасында. Әкесінің де бар жайттан хабардар боп жүргені хақында. Ақыр соңы, ғашығымен қоштасуға мәжбүр болғаны жайында.

  Бала Р.-ны жіті бақылап отырды. "Сезімі үшін қайғы жұтып, қасірет кешкен адам, ол міне, менің қарсы алдымда отыр. Шын махаббаты алғаш рет көріп-білуім", - деген оймен бұл көріністің өзі ойлағандай ғажап еместігіне таңырқаумен болды. Тіпті, оның жиіркеніштілігінен түсініксіз қалыпқа түсті. Қалжырап біткен Р. қазір-ақ жылап қоярдай көрінді. Бір сөзбен айтқанда, ол көңілсіз еді. Мұндай үрейлі әм шарасыз күйді көшеде жүріп бағалы дүниесін жоғалтқан немесе міндетті түрде үлгеруі тиіс пойызынан кешігіп қалған әр адамның жүзінен оқуға болар еді.

  Бірақ бала ересек досының "маxаббат дастанына" сәт сайын қызыға бастаған. Ол бұл әңгімеден рахат тапты. Қайғысын бөлісуге сонша тырысқанымен, алғашқы жағымсыз әсерден арыла алмағаны да бар. Бәлки, шынайы маxаббат оған қатардағы сезімдей көрінген шығар.

  Бір сәт, бала ауыр дертке душар болған “Ромеоны” жұбатқысы келді:

         - Жағдайыңыздың тым нашар екенін сеземін. Бірақ, поэзияңыздың көркейе, кемелдене түсетінін жоққа шығара алмаймыз.

           - Поэзияны қойшы!, - деп, ызалана жауап берді Р.

     - Мұндай сәттерде адамды тек поэзия құтқарады. Бала лезде өлең жазып болған шағындағы мүлде бөтен сезімнің әсерін еске түсірді. Осы сезімнің ішіндегі күштің оны кез-келген қайғыдан құтқара алатынына сенді.

           - Мүлде олай емес. Сен мұны түсінетін хәлге жеткен жоқсың.

  Бұл сөз баланың жанын ауыртты. Жүрегінде мұз қатып, одан өш алуға бел буған сыңай танытты.

          - Шын ақын, яғни нағыз ойшыл мұндай қиын кезеңде поэзиядан қорғаныш іздемейтін бе еді?

         - Иә, иә, түсінемін, Гёте "Вертерді" жазып, өз-өзіне қол жұмсамай-ақ тыншыды, - деп жауап берді Р. Сөзін әрі қарай жалғаған тәлімгер: - Бірақ Гёте өзін өлімнен басқа ештеңе құтқармайтынын ұқты: өлеңнің де, өзге дүниенің де. Дәл осы себептен ол бүгін оқылып жүрген өлеңдерін жаза алды.

           - Егер шынында солай болса, неліктен Гёте өзін өлтірмеді? Егер өз-өзіңе қол жұмсау мен кітап жазу - бір нәрсе болса, ол неге алғашқы нұсқаны таңдамады? Мүмкін, Гёте қорыққан шығар? Әлде бұл оның кемеңгерлігінен бе?

              - Бұл - оның кемеңгерлігінен.

              - Егер солай болса... - Бала келесі сұрақты қоймақшы еді, кенет абдырап, үнсіз қалды. Оның басына күтпеген жерден (басында анық емес, көмескі күйінде, кейіннен нақты пішін түрінде) Ұлы ақынды өлімнен құтқарған “өзімшілдік” деген ой келді. Бұл саналы пікірінің - өз жанын жаралаған сөзден қорғанудың амалы екенін түсінді. «Сен мұны түсінетін хәлге жеткен жоқсың...» Асылында, ол бір-екі жылдың айырмашылығы өткір сезілетін жасөспірімдік кезеңді басынан өткеріп жатқан. Бала мұны айтқан жоқ, бірақ оның санасында Р.-ны қор ететін жалғыз ой қылаң берді: «Ол маxаббатты сезінгендігінен де Ұлы бола алмайды»

  Р.-ның бейнесі - нағыз маxаббаттың бейнесі еді. Дегенмен, кемеңгер адам мұндай сезімге бой бермейді. Өз қайғысын бір сәтке жасыру үшін Р. кеудесін билеген сезімді Гэндзи мен Фудзицубоның, Пеллеас пен Мелисанданың, Тристан мен Изольданың, Клевск xаншайымы мен Немурск герцогінің маxаббатымен және осы таңғажайып әлемнің басқа да классикалық бейнелерімен салыстырды.

  Серігін үнсіз ғана тыңдаған бала оның құпия дастанынан ешбір жаңашыл элемент пен өзгеше құбылыс байқай қоймады. Бәрі мың рет жазылып, миллион рет оқылған оқиғадай қызықсыз еді. Кітаптағы маxаббат одан гөрі айқын әрі шынайы көрінген. Өлеңдегі сезім күйлері де мұншалық көріксіз болмайтын. Р.-ның арманға деген талпынысы жолында шын сезімге бас ұрғаны - қайткені? Бала адам бойындағы қарабайырлық қасиетінің қайдан пайда болатынын ұқпады.

  Р. өз оқиғасын баяндай түскен сайын жүрегі де жұмсара берді, сосын сүйгенінің сұлулығын кең көсіле суреттей бастады. Ол әйел расымен де сұлу болған шығар, бірақ мұндай бос суреттеу - баланың көз алдына ешқандай бейне әкеле алмады. Р. келесі жолы оған суретін көрсетуге уәде берді де, бірер сәтке дағдарып қалды. Кенет осыған дейін айтылғанның бәріне қорытынды жасар қалыппен былай деді:

              - Ол менің маңдайымның әдемі екенін айтты.

  Бала оның ұйпа-тұйпасы шыққан шашының астындағы маңдайына қарады. Көшеден кірген күн сәулесі сол маңдайын жылтырата түскендей еді. Бәрінен бұрын ол тері астында бір-біріне мықтап қапсырылған күйі ісіп тұрған қос жұдырықтай көрінді.

  "Маңдайлысын өзінің", - деді бала іштей күбірлеп. Көргенінен еш сұлулық байқамады. "Маңдайлының нақ өзі. Бұнда не керемет бар?" - деп тағы ойлады.

  Пенде ғұмыры мен сүю ұғымын бар сырымен қабылдай отырып, оған міндетті түрде ақымақтық пен көңілді бір жайттардың араласатынын ұғамыз. Әйтпесе, біз өмір сүре де алмас ек, сүйе де алмас ек. Осылайша, бала өз маңдайының сұлулығына деген көзсіз сенімі негіз болған досының махаббатында сол ақымақтық пен көңілді жайттың барын түсінді.

  «Мен, бәлкім, миыма арзандау, болмаса тым абстрактілі ойларды тоғытып жүрген шығармын. Бәлкім, жай ғана өмірде бар шығармын» деп ойлаған бала өз ойынан қорқа бастады.

              - Не жайында ойлап отырсың? - деп сұрады Р. кенеттен.       

  Бала төменгі ернін тістеп, жауап берудің орнына күле салды. Терезеге ымырт үйіріле бастаған. Көшеден бейсбол ойыншыларының зор айқайы мен ағаш соққысынан аспанға ұшқан доптың құрғақ дауысы естілді.

                                                                        ***

  «Мен де бір күні өлең жазуды қоятын шығармын», - деп ойлады ол. Алғаш рет. Бірақ, өзінің ақын еместігін анық түсінетін күн әлі алыс еді...

             Орыс тілінен аударған: Марлен Ғилымхан, Айбол Исламғали

Ұлт порталы

 

Дао (道 ) - қытай тілінен аударғандағы тура мағынасы "жол" дегенге саяды. Қытай философиясының ең маңызды категорияларының бірі. Конфуций мен ерте конфуцишылдар оған этикалық мағына беріп, "адам жолы" деген ұғыммен түсіндіреді. Яғни, адамгершілік ұстанымы мен моральға негізделген қоғамдық тәртіп.