05 мам, 2017 сағат 14:22

Йемендегі аштық: Халықтың 82 пайызы шұғыл гуманитарлық көмекке мұқтаж

Йеменде әр он минут сайын аштықтан немесе сапасыз медициналық көмек салдарынан бес жасқа дейінгі бүлдіршіндердің біреуі көз жұмады.  

БҰҰ дерегі бойынша, қазіргі таңда 21 миллион йемендік, яғни халықтың 82 пайызы шұғыл гуманитарлық көмекке мұқтаж. Оның үштен бір бөлігі аштықтың ауыр зардабын тартуда. Елдегі қиян-кескі ұрыстар халықаралық гуманитарлық көмекті жеткізуге кедергі келтіруде.

Еске сала кетсек, Йеменде осымен үшінші жыл қатарынан азаматтық соғыс жүріп жатыр. Осы уақыт ішінде 10 мыңнан астам адам қаза тапса, соның жартысы - әйелдер мен балалар. Елдегі осындай қиын жағдайды көптеген террористік ұйымдар пайдаланып қалуда.

«Қазір жарты миллион бала аштықтан зардап шегуде. Тіпті аштықтан көз жұмып жатыр. Олардың саны күн санап артуда. Мен тек елдегі бір ауданды айтып жатқан жоқпын, бұл жағдай Йеменнің солтүстігінде, оңтүстігінде, шығысы менен батысында да орын алуда», - дейді «Босқындар ісі жөніндегі Норвегия кеңесі» үкіметтік емес ұйымының директоры Ян Эгеланн. 

ҚазАқпарат