14 қаз, 2016 сағат 09:59

Ядролық соғыс, өрік және газ

Ресей мен НАТО әскери қақтығысқа бара ма? 

Ресей президентi Владимир Путин Түркияға барған сапарында түрiк президентi Режеп Ердоған­ға арзанға газ сататын болып келiстi. Және түрiктiң өрiк-мейiзiн Ресейге әкелуге рұқсат еттi.

 “Бүгiн РФ үкiметi ресейлiк нарыққа бiр топ түрiк тауарын – ауыл шаруашылығы өнiмдерi: сүйектi жемiстер мен цитрус жемiстерiн кiргiзу туралы шешiм қабылдады”, – дедi В.Путин.

Сүйектi жемiстер қатарына шие, алша, өрiк, қараөрiк және шабдалы, ал цитрустарға – апельсин, грейпфрут, лимон және мандарин сияқты жемiстер жататынын айта кетейiк.

Осылайша бiр жыл бұрын ғана Ресейде санитарлық талаптарға сай келмейдi деген уәжбен бульдозермен жаншылған түрiктiң жемiстерi мен көкөнiстерi В.Пу­тиннiң сөзiмен айтқанда елдiң ауыл шаруашылығы өндiрмей­тiн, сол себептi қарапайым ресейлiк­тер­ге қажет әрi қолжетiмдi өнiмге айналып шыға келдi. Контрабандалық жолмен келген жемiс-жидектi қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр болған ре­сейлiк зейнеткерлер мен бюджет қызмет­керлерiнiң Кремль қожа­йынына шексiз алғыс бiлдiретiнi сөзсiз.

Өз кезегiнде В.Путиндi атажауындай көрген Ердоған Мәскеу ұсынған “Түрiк ағыны” деп аталатын газ құбыры құрылысын салуға келiстi.

Түрiктер Сириямен шекаралас ауданда ресейлiк әскери ұшақты атып түсiргеннен кейiн басталған екi ел арасындағы экономикалық соғыстың Ережеп Ердоғанның кешiрiм сұрауымен аяқталғаны белгiлi. Ұрда-жық мiнездерi ұқсас президенттер­дiң аяқастынан татуласуына Батыспен араздасып қалған екi елдiң экономикалық ахуалы мен геосаяси жағдай мәжбүрледi. Еуропалық Одақпен жүз шайысқан Ердоған “жа­уымның жауы – менiң досым” деген қағи­даны есiне алғандай.

Өз кезегiнде Мәскеудiң Таяу Шығыстағы басты одақтасы санаған Ираннан көңiлi қала бастады. Экономикалық эмбарго тоқтағалы берi Батыспен қарым-қатынасы түзелген Тегеран қазiр “Ан” немесе “Ту” ұшақтарын емес, “Боингтердi” сатып алуда, Еуропаның технологиялық компанияларымен миллиардтаған доллар тұратын келiсiмшарт­тарға қол қойды, жаңа мұнай-газ кенiштерiн барлауға ресей­лiктердiң орнына батыс компанияларын шақырып жатыр. Ал ең бастысы, үлкен шығынға ұшырай бастаған соң Иран Сирия пре­зидентi Башар Асадқа қолдау көрсетудi едәуiр азайтты. Бұл өңiрдегi соғыстан да масқарасы шықпауы үшiн Кремльге уақытша болса да Анкарамен достасқан тиiмдi болып шығады. Сондықтан Сириядағы соғыс пен соның салдарынан туған Батыс пен Ресей арасындағы жаңа текетiрес түрiк шаруаларына жемiс-жидегiн Ресейге сатуға жол ашып бердi. Ал жаңа газ құбыры iс жүзiнде экономикадан гөрi сая­саттың мүддесiне бола салынатын кезектi жобаға көбiрек ұқсайды.

 

“СИРИЯ ҚАҚПАНЫ”

Соңғы апталарда әлем жұрт­шылығы Ресей мен НАТО, Кремль мен Вашингтон арасындағы текетiрестiң күрт шиеленi­сiп бара жатқанын көрiп отыр. Ресей НАТО мен АҚШ-ты Балтық жағалауы елдерiнде және Шығыс Еуропада экспансиялық саясат ұстанады деп айыптайды. Өз кезегiнде Еуропа Сириядағы соғыстан бөлек, Калининградта “Искандерлерiн” орналастырған Кремльдi Еуропаның алқымына ядролық қаруын тақағаны үшiн кiнәлайды. Ресми Берлин тiптi Ресей тарапынан төнген қауiптiң “қырғи-қабақ соғыс” кезiнен де жоғары екенiн айтты.

Әзiрге Кремльдiң Сирия, Египет және Кубада жаңа әскери базалар құру туралы мәлiм­демелерi мен Пентагон басшылығының Ресеймен соғысу қа­у­пiнiң өте жоғары екенi жайлы сөздерi жекпе-жек алдында бұлшық еттерiн ойнатып, бiр-бiрiне сес көрсетуге тырысқан ауыр салмақтағы боксшыларды еске түсiредi. Аймақтардағы соғыс ошақтары сөнбей жатып, жаһандық соғыс бастаудың зардабы қандай боларын текетiрес­кен қос тарап та жақсы түсiнедi деп ойлаймыз. Бұл орайда Батыс­тың кей сарапшылары Ресейдiң соңғы кездердегi демаршын В.Путиннiң жаңадан сайланатын америкалық президент пен оның әкiмшiлiгiмен саудаласу алдындағы дайындығы деп санайды. Өйткенi бұрынғы Кеңес Одағының әскери базаларын қалпына келтiру ауыр экономикалық жағдайда отырған Ресей үшiн жүзеге аспайтын шара. Ресейдiң 2017-2019 жылдары әскери шығынды жылына 6 пайызға қысқартуды көздеп отырғанын ескерсек, шынында да бұл бопсалауға жақын мәлiмдеме секiлдi.

Мәселенiң түп-төркiнi В.Путин басқаратын бүгiнгi Ресейдiң өзiн АҚШ-пен терезесi тең, әлемдiк ойыншы ретiнде көргiсi келетiнiнде. Ал Вашингтон Ре­сейдi әрi кеткенде аймақтық деңгейдегi держава есебiнде қабылдайды. Бәлкiм, В.Путин текетiрестi ушықтыру арқылы ресейлiктерге Батыстың өздерiн қалай сыйлайтынын дәлелдегiсi келетiн болар. Ал одан кейiн түрiктермен келiскендей “экономикалық мүдде үшiн” қайтадан Батыспен қарым-қатынасты жақсартуды көздеуi мүмкiн. Бiрақ Батыс елдерi мен Вашингтон ендi Ресей билiгiмен ымыраласқысы келмейтiн сыңай танытуда. Кеңес Одағы құлағалы берi АҚШ пен Ресейдiң қарым-қатынасы бiрнеше мәрте ушығып, қайта шешiлгендей көрiнгенiмен, бiр-бiрiн мойындамайтын державалар саясаткерлер жиi айтатын “қызыл сызық” шегiне тiрелген тәрiздi.                    

Ресейдiң АҚШ секiлдi алып державаға қарсы соғыса алмайтынын қос тарап та бiлiп отыр. Сол себептi ядролық қару туралы бастаманы да ең бiрiншi Ресей билiгi мәлiмдедi. Америкалықтар мұны кеңес заманынан келе жатқан құр бопсалау ретiнде қабылдайды.

Ресейдiң НАТО-мен теке­тiресуiн күшейтуi, Сириядағы соғысқа белсене араласуы, ел назарын iшкi проблемалардан басқаға аудару, қарапайым ресейлiктердiң жалған намысын жануға көбiрек ұқсайды.

Екiншi жағынан, бұл жағдай көршi елдiң билiгiнде әскери­лер­дiң азаматтық саясаттың бақылауынан шыға бастағанын көрсетедi. Бiр жыл бұрын Федерация кеңесiнiң президентке шетелде шектеусiз әскери күш қолдануға толық құқық бергенi есiмiзде. Ресей экономикасы қазiр ауыр жағдайда тұр және жақын уақытта оның тез оңалатынына да кепiл жоқ. Дәл қазiр билiкке өзiн дәлелдейтiн жолдарды iздеу керек. Бұрын қарапайым жұртты мұнайдан түскен табыспен алдандырған билiк ендi әскери көсем үлгiсiне көше бастағандай. Бiрақ мұндай ойын қыруар қаржыны және халықтың толық қолдауын қажет етедi. Кремль Сириядағы әскери операцияны бiрнеше айға ғана созылады деп есептегенi белгiлi. Былтырғы баспасөз конфе­ренция­сында В.Путин Сирияда тұрақты және қымбатқа түсетiн база ұстаудың қажеттiгi жоқтығын, жауға “қажет болса, өз жерiнде отырып та соққы бере алатындарын” мәлiмдегенi бар. Алайда қазiр Ресейдiң әскери әуе күштерi мен зымыран кешен­дерiнсiз Башар Асад режимiнiң күнi санаулы екенi белгiлi болды. Ал Сириядағы соғыс қазiрдiң өзiнде бюджеттен жылына 1 млрд долларға дейiн жалмауда. “Қырым бiздiкi” деген ресей­лiктер қазiргi жағдайда алыстағы Сирияға сонша ақша жұм­салғанын құптай қоя ма? Сол себептi Сирияда жаңа әскери базалар салу геосаяси жеңiстен гөрi, Ресей аңдамай түскен “сириялық тұзаққа” көбiрек ұқсайды. Мұндай тығырық жағдайында жеңiстi тек соғыстан iздей­тiндердiң дегенi болып, жаңа соғыстың тұтану қаупi күшейедi.

Егер Кремль мен Вашингтон қандай тұрғыда әрiптес бола алатындарын, ал қай жерде бiр-бiрiнiң iстерiне араласпайтындарын айқындай алса, шегiне таяған шиеленiстi шешуге болады. Бiрақ әзiрге Ресей мен АҚШ-тың арасындағы тiкелей байланыстың желiсi үзiлiп қалғандай көрiнедi. Және көршi елдiң ұстанымы бiзбен санаспасаңдар, ешкiмге тыныштық бермеймiз деген сыңайда болып тұр. Ал бұл ешкiмге опа бермейтiн саясат.

Әдiл ҰЗАҚБАЙ.

"Жас Алаш" газеті