04 қар, 2019 сағат 09:24

Волонтер жылы аясында 7 жалпы ұлттық жоба жүзеге асырылады

Волонтер жылы аясында 7 жалпы ұлттық жоба жүзеге асырылады. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде республика бойынша 200-ден астам волонтерлік ұйымы жұмыс істейді. Волонтерлік қозғалыспен 50 мыңнан астам адам қамтылды. Өздеріңіз білетіндей, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылды «Волонтер жылы» деп жариялады. Іс жүзінде, ол Жастар жылының қисынды жалғасы болады және ол қоғамның ресурстары мен жасампаз энергиясына сүйенетін Жастар бастамаларын да дамытуға бағытталатын болады», - деді ол.

Осыған орай министрдің айтуынша, ең алдымен нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қолға алынады.

«Қазір біз волонтердің жұмыс тәжірибесін еңбек өтіліне қосу және жоғары оқу орындарына, колледждерге түсу кезінде волонтерлік қызметті есепке алу мүмкіндігін қарастырамыз», - деді Д.Абаев.

Екіншіден оның сөзіне қарағанда, барлық өңірлерде «Біргеміз» жалпы тұжырымдамасының негізінде 7 жалпыұлттық жоба аясында Волонтерлік қызметті қолдау орталықтары құрылатын болады.

«Бұл жерде қандай жобалар бойынша сөз болып отыр? Мысалы, «Білім» жобасы бойынша ауылдық мектептердің жоғары сынып оқушыларына ҰБТ-ға дайындық, ағылшын тілі мен компьютерлік сауаттылыққа оқыту бойынша волонтерлік көмек ұйымдастырылады. «Сабақтастық» жобасы бойынша волонтерлер балалар үйлерінің балаларына қамқорлық жасайды. Сонымен қатар медициналық «Саулық», қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза әлем», бұл волонтерлерді материалдық және рухани мәдени-тарихи мұраны сақтауға тартуға бағытталған «Асыл мұра», қарттар үйлеріндегі жұмысқа бағытталған «Қамқор» және волонтерлерді хабар-ошарсыз кеткендерді іздеуге тартуға бағытталған «Үміт» жобасы жүзеге асырылады», - деді Д.Абаев..

Оның айтуынша, аталған жобаларға шағын гранттар бөлу көзделген. »Үшіншіден, аталған жобалар бойынша нақты жергілікті міндеттерді шешуге бағытталатын 300 мың теңгеге дейін шағын гранттар бөлу көзделеді. Барлығы 420-ға жуық шағын грантқа қолдау көрсетіледі. Төртіншіден, корпоративтік волонтерлікті одан әрі дамыту үшін бизнес-секторды белсенді тарту жоспарлануда. Бүкіл әлемде бұл феномен мейнстримге айналған. Біздің елде волонтрліктің мұндай түрі әзірге өте танымал емес, бірақ атап өтуге лайықты жекелеген мысалдар бар», - деді ол.

Осы орайда Дәурен Абаев Bi-group құрылыс компаниясы мүгедек балаларды әлеуметтендіру бойынша жұмыс жүргізіп, түрлі фестивальдар, спорттық марафондар ұйымдастыратындығын, күрделі медициналық операцияларды өткізуге материалдық көмек көрсететіндігін, ауыл оқушылары арасында олимпиадалар өткізетіндігін мысалға келтірді.

«Волонтрлік қызмет саласында, оның ішінде БҰҰ волонтерлер бағдарламасын қоса алғанда, интернационалдық құрылымдардың жұмысына белсенді қатысу жолымен халықаралық ынтымақтастық дамитын болады. Өздеріңіз білесіздер, келесі жылы Жеңіс күні тойланады. Соның аясында ресейлік тараппен де бірге жобаларды үзеге асыруға болады», - деді Дәурен Абаев.