ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі арасында «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасын іске асыру аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ресми шараға Білім және ғылым вице-министрі Фатима Жақыпова, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин, «Ұлттық волонтерлік желі» қауымдастық нысанындағы ЗТБ атқарушы директоры Татьяна Миронюк, «Қаржы орталығы» АҚ президенті Асқар Ибраимов, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» комерциялық емес АҚ басқарма төрағасы міндетін атқарушы Гүлбану Заманбекова қатысты.
Айта кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Осыған орай студенттерді әлеуметтік және қоғамдық пайдалы қызметке кеңінен тартуға бағытталған «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасы басталады.
Жоба аясында жоғары оқу орындарының студенттері ақшалай сыйақы алып, қоғамдық пайдалы жұмыс нәтижелері үшін академиялық кредиттерді қайта есепке ала алады.
Студенттер волонтерлер ретінде балалар үйлерінде, қарттар үйлерінде, білім беру және басқа да әлеуметтік мекемелерде көмек көрсетеді. «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасын іске қосу 2019 жылдың қыркүйек айына жоспарланған, ал оның тақырыптық модулі «Qazvolunteer.kz» волонтерлердің бірыңғай интернет тұғырнамасында орналасады.
Вице-министр Д. Есин волонтерлердің бірыңғай интернет платформасы «Qazvolunteer.kz» ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ-мен бірлесіп әзірлегенін еске салды. Онлайн-тұғырнама qazvolunteer.kz волонтерлік қызметке қатысушылардың өзара іс-қимыл тетіктерін құруға, Қазақстанның волонтерлері мен волонтерлік ұйымдарының қызметін үйлестіруге, волонтерлік жобаларды/бағдарламаларды/акцияларды ақпараттық қолдауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Тұғырнамада кез келген адам онлайн-тіркеуден өтіп, волонтерлік қызметке қосыла алады. «Бүгінде тұғырнамада 1,4 мыңнан астам тіркелді, сондай-ақ 60-тан астам волонтер ұйымдары жұмылдырылды», - деді Данияр Есин.
«Қаржы орталығы» АҚ департаменті директорының орынбасары Ақжол Құрмансейіттің сөзіне қарағанда, бұл бастама волонтер жастарды қолдау мақсатында, ЖОО-да күндізгі бөлімде оқып жатқандардың шәкіртақысын 30 пайыз деңгейінде көтеру бағытында іске асырылады.
«Осы негізде еліміз бойынша биыл 10 мың тарта жас азаматты қамтимыз деген жоспарымыз бар. Алдағы жылы олардың саны 44 мыңға жеткізілмек, сондай-ақ одан кейінгі жылдары жобаның қатысушысы ретінде 50 мың адамды жұмылдыру ескерілген. Ерікті жастарды тек қана тегін жұмыс жүргізуге емес, сонымен қатар оларды ынталандыру мақсатында, яғни университетте оқып жүрген жастардың елімізге тигізіп жатқан пайдасын мемлекет тарапынан қолдау тұрғысында жүзеге асырылып жатыр», - деді А. Құрмансейіт.
Естеріңізге сата кетейік, жыл басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке волонтерлікпен айналысатын ЖОО студенттерінің шәкіртақысын 30 пайызға арттыруды тапсырды.