25 қаз, 2019 сағат 18:02

Вице-министр: Жас полицейлердің табысы 300 мың теңгеге жетеді

ҚР Ішкі істер вице-министрі Алексей Калайчиди полиция қызметкерлерін баспанамен қамту жұмыстары жөнінде баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әзірге полиция қызметкерлерінің 46% баспана өтемақысын алу құқығы берілді. Меніңше, бұл – едәуір үлкен жеңілдік. Қызметкер отбасындағы бір адам үшін 20-50 мың теңге аралығында өтемақы беріледі. Егер орта есеппен бір жанұяда 4 адам бар деп есептесек, 80-160 мың теңге аралығында төленеді. Оған 150 мың теңге жалақыны қосыңыз. Яғни, өз қызметін жаңадан бастаған қызметкер үшін 200 мыңнан 300 мың теңгеге дейінгі табыс – үлкен көмек деп есептеймін», - деді вице-министр «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, ішкі істер жүйесінде 34 мың қызметкер баспанаға мұқтаж.

«Бүгінде 15,5 мың қызметкердің баспана мәселесін шештік. Тағы бір маңызды қадам – қызметкер зейнетке шыққанда баспананы өзіне қалдыруы үшін заңнамалық түзетулер әзірледік. Яғни, екінші деңгейлі банктермен үшжақты келісімшарт жасалады. Осылайша, қызметкер тұрғын үй өтемақысын жалдамалы пәтер иесіне емес, өз баспанасының несиесіне жұмсайды», - деп түсіндірді А. Калайчиди.