25 там, 2020 сағат 18:28

Вирустың әлі жойылмағанын түсінуіміз керек - Көлгінов кәсіпкерлерге үндеу жолдады

Елорда әкімі Алтай Көлгінов үш мәселе бойынша қаладағы кәсіпкерлерге үндеу жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" әкімдіктің сайтына сілтеме жасап.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов сауда және ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, базарлардың, фитнес-орталықтардың басшыларымен нысандардағы қатаң санитарлық нормалардың сақталуы және карантин шараларын жеңілдету туралы онлайн кеңес өткізді. 

Қаланың бас санитарлық дәрігері Айгүл Шағалтаева қатаң карантин енгізілген 5 шілдеден бастап кәсіпорындардан шамамен 73 миллион теңгеге санитарлық нормаларды сақтамауға қатысты 800 факті анықталғанын атап өтті.

«Бірқатар нысан жұмысын қайта бастағалы екінші апта болды. Қазір біз вирустың әлі жойылмағанын түсінуіміз керек. ЖРВИ маусымы алдында коронавирусқа қатысты ахуалды қадағалау қажет. Алғашқы карантин тәжірибесіне сүйеніп, қателік жібермеу керек. Ол үшін нысандарда қатаң санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау қажет.

Бірінші. Тиісті орындарға стационарлық тепловизор орнату ұсынылады, бұл 30-40 келушінің дене қызуын бірден өлшеуге, адамдар ағымын тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл қызметкерлердің өздерін де қорғайды – әр келген адамға жеке мән беру және температураны өлшеу қажет болмайды. Пандемия басталғалы бері біз осындай тепловизорды қалалық емханаларға орнаттық. Сондай-ақ желдету жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет, барлық жерде әлеуметтік қашықтық белгісі, санитайзер болуы керек, маскасыз кіруге тыйым салынады.

Екінші. Санитарлық нормалардың бұзылуын анықтау бойынша рейд тұрақты негізде жүргізіледі. Бұл шаралар қауіпсіздікті жақсартады. Рейд барысында «Артем» және «Big Шанхай» базарларында ескерту жасалды. Оларға айыппұл салынды. Санитарлық норманы әкімдік, инспекторлар үшін емес, клиентіңіздің, азаматтардың қауіпсіздігі үшін сақтау керек екенін есте ұстаған жөн. Енді біз COVID-19 шарттарын қабыл алып, жаңа жағдайға бейімделуге мәжбүрміз. Егер әр басшы санитарлық нормалардың сақталуына жауапкершілікпен қараса, онда бүкіл ұжым да жауаптылық танытады. Бұл келушілер қауіпсіздігі де қамтамасыз етіледі деген сөз.

Үшінші. Фитнес орталықтары өкілдерінің ұсынысын ескере отырып, біз жұмыс уақытын 21: 00-ге дейін создық (бұрын 17:00-ге дейін болған). Бұл басшылықтың клиенттер ағынын уақытылы саралай алуы үшін жасалады. Сондай-ақ бір мезгілде келушілер көп болмауы және тар дәліз құрылмауы үшін басқа сауда нысандарындағы жұмыс уақытын созу жолдарын қарастырамыз», – деп түйіндеді сөзін елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Онлайн жиналыста кәсіпкерлер көтерген бірқатар мәселелер шешімін тауып, қалғаны жұмысқа алынды.