14 жел, 2016 сағат 09:38

Венгр ғалымдары Кейкі батырдың келбетін қалпына келтірді

Белгілі антрополог Андраш Жолт Биро аты аңызға айналған Кейкі батырдың бассүйегін қалпына келтіру жұмыстарын аяқтады, - деп хабарлайды Kazmuseum.kz тілшісі Қазақстан музейлерінің ақпараттық-әдістемелік орталығына сілтеме жасап.

Бүгін белгілі тарихшы Берік Әбдіғалиұлы Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында Кейкі батырдың бассүйегінің қалыпқа келтірілген эскизін жариялады.

Осыған дейін хабарланғандай, Кейкі батырдың бассүйегін қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау желтоқсан айына белгіленген болатын.

Еске салайық, биыл 12 тамызда Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Кәрім Мәсімов РФ Үкімет төрағасы Дмитрий Медведевпен кездесуі барысында өткен жүз жылдықтағы ұлт-азаттық қозғалыстың көшбасшысы Кейкі батырдың мүрдесін елге қайтару туралы мәселені көтерген еді. Содан 6 қазанда Кейкі батырдың бассүйегі Астанаға жеткізілген болатын. Ал кейінірек Орталық мемлекеттік музейдің директоры Нұрсан Әлімбай 12 қазан күні Кейкі батырдың бассүйегі антропологиялық сараптама үшін Венгрияға жеткізілетінін мәлімдеді. Музей басшысы құнды жәдігерді арнайы контейнерде алып барды.