23 қаң, 2017 сағат 10:11

Василенко: Қазақстан Астана процесі келіссөздеріне араласпайды

- Астана процесіне қатысушылар келіссөз өткізуге дайындалуда. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Сириялық реттеу бойынша кездесу (Астана процесі) Ресей мен Түркия Президенттерінің бастамасымен өтуде. Оған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жан-жақты қолдау көрсеткен болатын. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының сирияаралық келіссөздер үшін тек қана алаң ұсынатындығын, келіссөздер процесіне араласпайтындығын түбегейлі түсіну аса маңызды», - деді ол.

Василенконың сөзіне қарағанда, Астана процесіне Сирия Үкіметінің, қарулы сириялық оппозициясының, Ресей, Түркия және Иранның өкілдері қатысады.

«Сирия бойынша келiссөздер бүгiн Астанада басталады. Осыған орай Астанадағы кездесу белгiленген уақытта өтiп жатқаны үшiн диалог тараптары мен осы процеске кепiл болған елдерге алғыс айтамыз. Бұл келiссөздер тараптарының процеске үлкен маңыз беріп отырғанын көрсетiп, кездесу қорытындысы жақсы болатынына үмiт бередi», - дедi Р. Василенко.