03 қаз, 2019 сағат 17:37

Валдай клубының қатысушылары Қазақстанның сыртқысаяси қадамдарына қызығып отыр – Қарин

«Валдай» пікірталас клубының қатысушылары халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті, тұрақтылықты жолға қоюда қазақстандық амал-әдістерге қызығып отыр. Бұл туралы ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин Сочидегі жыл сайынғы «Валдай» халықаралық пікірталас клубының XVI отырысында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ерлан Қарин атап өткендей, «Валдай» пікірталас клубы халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелер бойынша пікір алмасудың беделді алаңдарының бірі болып саналады. Валдай клубының іс-шараларына жылдағы дәстүр бойынша әртүрлі елдердің мемлекеттік органдары мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысады. Сонымен қатар, мемлекет пен үкімет басшыларының көпжақты және екіжақты форматтағы кездесулері форум шеңберіндегі маңызды оқиғалардың бірі болары анық.

«Мұндай кездесулер біздің еліміз үшін өте пайдалы. Қазақстан халықаралық процестердің белсенді қатысушысы бола отырып, әлемдік қауымдастыққа қазіргі заманғы сын-қатерлерді шешуге деген көзқарасын жеткізуге тырысады. Бұл алаң біздің еліміздің сыртқы саяси байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сол себепті, мұндай кездесулер өте маңызды әрі пайдалы», - деді Мемлекет басшысының кеңесшісі.

Ерлан Қариннің айтуынша, «Валдай» клубының қатысушыларын Қазақстанның сыртқы саяси амал-әдістері қызықтырып отыр.

«Соның ішінде ядролық қарусыздану мәселелері, Астана процесі (Сириядағы), Таяу Шығыстағы, Оңтүстік Азиядағы жағдайлар... Бұл пікірталастар ешқашан Қазақстанның қосқан үлесін талқыламай өтпейді», - деді ол.

«Шығыс таңы және дүниежүзілік саяси құрылым» форумының жарияланған тақырыптары туралы айта келе Мемлекет басшысының кеңесшісі Ресейдің Шығысқа назары барын атап өтті. Оның айтуынша, осы ретте Ресей Федерациясы стратегиялық серіктесі және жақын көршісі болып табылатынын Қазақстанның рөлін жіті түсініп отыр.

«Азиямен ынтымақтастықтың түрлі нұсқалары, мейлі, екі жақты немесе көпжақты форматта болсын – Қазақстанның қатысуы арқылы жүзеге асырылады. Халықаралық сарапшылар Қазақстанның Еуразия құрлығындағы экономикалық ынтымақтастықты дамытудағы, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін ерекше атап өтеді. Сондықтан, көптеген сарапшылар Қазақстанның бастамаларын одан әрі дамытуға ниет білдіріп отыр», - деп түйіндеді Президент кеңесшісі.

Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Сочиге келді. Мемлекет басшысының «Валдай» халықаралық пікірталас клубының XVI отырысына қатысуы жоспарланған.