12 қар, 2021 сағат 17:23

Вакцина салған балаларда мәртебе бола ма - Жандарбек Бекшиннің жауабы


Вакцина салған балаларда «жасыл, көк, қызыл» мәртебесі бола ма? Бұл сауалға брифинг барысында Жандарбек Бекшин жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, балаларға вакцина салғаннан кейін оларда «жасыл, «көк», қызыл» мәртебесі болатыны туралы әзірге ешқандай тапсырма келіп түспеген.

«Қазіргі таңда балалар және жасөспірімдерден сенбі, жексенбі күні басқа мекемелерге кірген кезде «жасыл» мәртебесі сұралмайды. Екпе мәселесі ерікті түрде өтіп жатыр. Бұл мәселе бойынша ешқандай қосымша тапсырма түскен жоқ», – деді Жандарбек Бекшин. 

Бұған дейін ол ата-аналар вакцина салу процесіне қатыса алатыны туралы айтқан болатын.

«Бұл өте маңызды іс-шара. Егер ата-аналар қатысуға ниет білдірсе, қатыса алады. Емханалардағы екпе салу пункттері демалыс күндері де жұмыс істейді. Болашақта мектептердегі медициналық пункттерде де солай болмақ», – деді ол.