12 шіл, 2021 сағат 22:38

Вакцина алған елордалықтар арасында ұтыс ойындары апта сайын өткізіледі


Нұр-Сұлтанда вакцинацияланғандар арасында бағалы сыйлықтар апта сайын ойнатылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" әкімдікке сілтеме жасап.

Тағы екі iPhone12 және басқа да құнды сыйлықтардың екінші ұтыс ойынына 7 шілде мен 16 шілде аралығында вакцинацияланған адамдар қатысады. Ұтыс ойыны тікелей эфирде 17 шілде (сенбі) күні Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің әлеуметтік желілердегі (Facebook, YouTube) парақшаларында өтеді.

IPhone12 және басқа да құнды сыйлықтардың алғашқы ұтыс ойыны 9 шілде күні өткен болатын. Бұл автоматты ұтыс ойынына вакцинация басталған сәттен бастап қалада 6 шілдеге дейін (қоса алғанда) вакцинацияланғандар қатысты.

Birge платформасында байқау жеңімпаздарын анықтау үшін арнайы рандомайзер қызметі орнатылды, ол жеңімпаздарды ID арқылы таңдайды. Оны әзірлеуге IT-қауымдастық та қатысты.

Бүгінгі күні сервис ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің вакцинацияланғандар туралы мәліметтерімен біріктірілген. Осыған байланысты екпе алған елорда тұрғындары конкурсқа автоматты түрде қатысады, оған арнайы құжат толтырып, қосымша вакцина алудың еш қажеті жоқ. IPhone12 және басқа да құнды сыйлықтардың ұтыс ойынын елорда әкімдігі апта сайын жаздың соңына дейін өткізеді.