22 там, 2019 сағат 20:03

Вакансиялар мен төлемдер туралы мәліметтер смартфон арқылы қолжетімді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің желісі бойынша мемлекеттік қызметтер Smart Astana мобильдік қосымшасын пайдаланушыларға қолжетімді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аталған ведомствоның Facebook-тегі парақшасында жария етілген ақпаратқа сәйкес, онда азаматтың әлеуметтік мәртебесін тексеруге, шегерімдер туралы, оның ішінде жұмысынан айрылу жағдайындағы төлемдер туралы ақпаратты алу мүмкіндігі бар. Платформада қаладағы өзекті, бос жұмыс орындарының тізімі қолжетімді, сондай-ақ түйіндемені жіберуге болады.

«Еңбек министрлігі, қала әкімдігі жәнеAstana Innovations бірлескен жұмысының нәтижесінде Smart Astana мобильдік қосымшасы enbek.kz порталымен синхрондалды. Сондықтан елордалық жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарының тізімі күн сайын жаңартылып отырады. Жұмысты нақты лауазымды немесе компания атауын көрсете отырып іздеуге, сонымен қатар ұсыныстар тізімін қарап шығуға мүмкіндік бар. Сұранысқа ие бос жұмыс орындарының арасында орта мектеп мұғалімдері, әдіскерлер, колледж мұғалімдері, тәрбиешілер, дәрігерлер, мейіргерлер, хатшылар, электриктер мен автослесарьлар, күзетшілер, бөлме тазалаушылар кіреді. Негізінен қызметкерлерді толық жұмыс күніне іздейді, орташа еңбек өтілі – 2-3 жыл. «Түйінде» қосымша парағында талапкерлер өздері туралы барлық деректерді толтырып, орналастыра алады. Жұмыс беруші өзіне лайықты қызметкерді іздеу үшін қосымшаны пайдалана алады», - делінген министрлік хабарламасында.

Әлеуметтік төлемдердің мәртебесін тексеру аталмыш қосымша мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының бірлескен қызметі нәтижесінде мүмкін болып отыр. Ол үшін «Қалалық қызметтер» бөліміне өтіп, «Әлеуметтік төлемдер мәртебесі» белгішесін басқан соң ЖСН енгізіп, аударымдар түрін таңдау қажет. Мысалы, егер адам жалдамалы жұмыскер болса, онда ай сайынғы жарналар мен әлеуметтік медициналық сақтандыру желісі бойынша аударымдарды жұмыс беруші төлейтін болады. Жүйе бұл туралы пайдаланушыға дереу хабарлайды. Егер платформада адамның әлеуметтік мәртебесі туралы ешқандай ақпарат көрсетілмесе, ол мұндағы жағдайды сауалнаманы толтыру арқылы түзете алады.