Мәдениет және спорт министрлігіне ұйғыр тілін латын графикасына көшіру мәселесін пысықтау тапсырылды Бұл жайында Мәжіліс депутатының ресми сауалына жауап берген ҚР Премьер-Миинстрі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары бойынша міндет көзделген. Осы тапсырманы іске асыру аясында Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі үш кезеңді қамтитын іс-шаралар жоспары бекітілді. Қазіргі уақытта бастапқы сатыдағы жұмыстар іске асырылуда», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Атап айтқанда Премьер-Министр дерегінше, жаңа қазақ әліпбиіне көшу туралы қоғамды толық ақпараттандыру үшін ауқымды ақпараттық-түсіндіру, сонымен қатар республика бойынша қазақ әліпбиін латын негізінде апробациядан өткізу жұмыстары жүргізілді. Жаңа әліпбиге негізделген қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері белгілі лингвист ғалымдарымыздың арасында жан-жақты зерделеніп, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жалпы мақұлдады. Жаңа әліпбиді IT технология және ақпараттық кеңістікке бейімдеу жұмыстары жүргізілуде.
«ҚР Конституциясының 7-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының тіл туралы» Заңының 23-бабына сәйкес тiлдiң дамуы мемлекеттік тiлдiң басымдығын және іс қағаздарын жүргiзудi қазақ тiлiне кезең-кезеңмен көшiрудi көздейтін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарымен қамтамасыз етiледi. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 2 шілдедегі № 401 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында латын графикасына қазақ әліпбиін ғана көшіру қарастырылғандығын атап өткен жөн», - деді ол.
Осы ретте Бақытжан Сағынтаев ұйғыр тілін латын графикасына көшіру мәселесін пысықтауда жоғарыда аталған нормаларды басшылыққа алу қажеттігіне назар аудартады. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді жаңғыртудың маңызды кезеңінде Қазақстандағы түркі тілдес этностардың әліпбиін латын негізді әліпбиге көшіру мәселесін қарау терең және жан-жақты зерделеуді, соның ішінде ұйғыр жазуын латын графикасына көшіру бойынша ұсыныс тыңғылықты зерделеуді және егжей-тегжейлі пысықтауды талап ететіндігін атап өтеді.
«Осы ретте Мәдениет және спорт министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, ғалымдар, депутаттар корпусы, Қазақстан ұйғырларының этномәдени орталығын тарта отырып, аталған мәселені талқылап, жан-жақты толық талдау жүргізу тапсырылды. Осы мәселелерді толық пысықтағаннан кейін Мәдениет және спорт министрлігі атқарылған жұмыстар туралы депутаттар корпусына қосымша ақпарат беретін болады», - деді Үкімет басшысы.
Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған Мәжіліс депутаты Шаймардан Нұрымов ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың атына сауал жолдап, қолданыстағы ұйғыр жазуын латын графикасына көшіру қажеттігін айтқан болатын.