21 қыр, 2020 сағат 10:00

Үй қамақта отырғандарға электронды білезік қолданыла бастады

Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі үй қамауындағы күдіктілерге электронды білезіктер қолдана бастады. Бұл туралы AntikorNews бағдарламасында ҚР Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының цифрландыру жөніндегі көмекшісі Аслан Құсайынов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халықаралық тәжірибені ескере отырып, Агенттік қамауға алумен байланысты емес адамдарға қатысты бұлтартпау шараларын қолданған кезде бақылаудың электрондық құралдары - білезіктерді қолдана бастады. Биыл 17 қыркүйек күні бұл тәжірибе алғаш рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен Қарағанды қаласының мамандандырылған тергеу сотының шешімімен қылмыстық іс бойынша күдіктіге қатысты үй қамау түріндегі алдын алу шарасын таңдау кезінде қолданылды. Электрондық қадағалау құралдарын кию ережелері күдіктіге тиісті міндеттерді қабылдай отырып түсіндірілді. Сондай-ақ, күдікті жалпы денсаулығы мен қарсы көрсетілімдерінің болмауы бойынша медициналық тексеруден өтті», – дейді Аслан Құсайынов. 

Оның айтуынша, электронды білезіктерді қолдану күдіктілердің тергеу мен соттан қашу әрекеттерін болдырмауға мүмкіндік береді. Электрондық білезіктерді қолдану қылмыстық жазаны ізгілендіру талаптарына сәйкес келеді және жақын болашақта қамаудағы адамдардың санын азайтуға мүмкіндік береді.

«Электронды білезік – күдіктінің немесе айыпталушының аяғына тағылатын радиоэлектрондық модуль. Білезік барлық қауіпсіздік ережелеріне сәйкес келеді. Білезіктің салмағы шамамен 80 грамм. Электрондық білезік тағылған адамның қай жерде екеніне көз жеткізу керек болса, диспетчер бір батырманы басады және 5 минут ішінде білезік тағылған адамның бейнесін, дауысын тексеру туралы хабарлама келеді», - дейді ол.

Бағдарлама барысында Аслан Құсайынов электронды білезіктің қандай болатынын, оның қалай қолданылатынын көрсетті.