30 қаз, 2019 сағат 12:44

Үшінші тұлғалар мекенжай анықтамасын тек азаматтың рұқсатымен ғана ала алады - Оспанов

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және арэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов және ҚР Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетінің төрағасының орынбасары Галина Сәрсенова Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында мекенжай анықтамасын алу бойынша үшінші тұлғалар сервисінің жұмысы туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

А. Оспановтың айтуынша, азаматтың тіркелуі туралы ақпарат қажет болған мемлекеттік емес ұйымдар, оның ішінде жекеменшік компаниялар оны egov.kz электронды үкімет порталында үшінші тұлғалар сервисі арқылы ала алады. Бұл тек, егер азамат SMS арқылы өзінің тіркелуі туралы мәліметтерді бір реттік алуға келісімін берген жағдайда мүмкін болады. 

«Сіздер бүгінде жеке кабинетіңізден қай жерде тіркелгеніңіз және сіздің пәтеріңізде қандай азаматтардың тіркелгені туралы мәліметтерді көре аласыздар. Пәтер иесі ретінде сіздің қазір мұндай мүмкіндігіңіз бар. Егер қандай да бір себептерге байланысты біреуге қай жерде тұрып жатқаныңызды дәлелдеу қажет болса, онда ондай сервис бүгінгі күні бар», — деді А. Оспанов.

Ондай SMS-ті алу үшін азамат мобильді азаматтар базасында тіркелген болуы тиіс. Өз бетінше тіркелуге (egov.kz порталында Жеке кабинетте «Телефон» бағанында телефон нөмірін өзгертіп немесе растап, өз ЭЦҚ әркеттілігін нақтылау керек) немесе ХҚКО-ының кез келген бөлімшесіне жүгінуге болады (қызмет тегін көрсетіледі, 5 минуттан артық уақыт алмайды).

А. Оспанов айтқандай, 1 қарашадан бастап бұл сервис мобильді қосымшада қолжетімді болады. 

Сұраныс жасау тетігі қарапайым: ұйым немесе кез келген азамат egov.kz порталында ЖСН енгізу арқылы портал қолданушысынан қандай да бір ақпаратты оқуға рұқсат беруін сұрайды. Ол тұрғылықты жері бойынша мекенжай анықтамасы ғана емес, жылжымайтын мүліктің жоқтығы (бар екені) туралы анықтама, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы анықтама, сотталғаны немесе сотталмағаны туралы анықтама т.б. болуы мүмкін. Қазіргі таңда бес анықтама сұранысқа ие. 

Одан соң осы ақпараты сұралып отырған адам электронды үкімет  порталындағы жеке кабинетінде немесе SMS арқылы ақпаратты беруге өзінің келісімін растайды. Бұл рұқсат тек бір операцияға қатысты. 

Сұраныс жасаған тұлғаға сол сұраныс берген ақпараты көрінеді. А. Оспанов бұл ретте аталған ақпараттың тек бір рет көру үшін ғана қолжетімді болатынына және тек оны сұраған адамға ғана көруге рұқсат берілетініне назар аудартты. 

Үшінші тұлға ретінде жеке тұлға да, заңды тұлға да бола алатынын айта кету керек (банктер, мектептер, ЖОО-лар, емханалар, коммерциялық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер т.б.), ал қолданушы рөлінде тек жеке тұлға бола алады. 

Сонымен қоса, ҚР Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Галина Сәрсенова жеке бас мәліметтерін қорғау жөніндегі заңға сәйкес тіркелу туралы мәліметтер қолжетімділігі шектеулі деректер болып табылатынын айтты.  

«Қазір банктер мәліметтерді пайдаланса да, ешкімнің бұған қатысты сауалдары туындамайды. Сіздер деректеріңізді пайдалануға келісім бересіздер, жеке басыңызға қатысты деректерді, аты-жөндеріңізді, тегіңізді, туған жыл, ай-күніңізді және басқа да деректерді ұсынасыздар, бұл деректер қолжетімділігі шектеулі мәліметтер қатарына жатады. Үшінші тұлғалдардың тұрғылықты мекенжайы т.б. туралы ақпаратқа қолжетімділігі жағдайында да осындай жайт орын алады. Сіз өз келісіміңізді бересіз. Онсыз ешкімнің қолжетімділігі шектеулі болып саналатын мәліметтерді пайдалануына құқығы болмайды», — деді Г. Сәрсенова.