28 қыр, 2023 сағат 13:10

Үшінші алтын: қазақстандық мергендер аралас жұптық сында жеңіске жетті

© Photo: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстандық мергендер Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында, стендтік ату турнирінің аралас жұптық сайысында алтын медаль жеңіп алды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Скит" жаттығуының финалында қазақстандықтар Кувейттен келген қарсыластарынан (Эман Әлшамаа мен Абдулла Әл-Рашиди - ред.) басым түсті. Қорытынды есеп – 40:35. 

Бұл - ұлттық құрама қоржынына түскен үшінші алтын медаль.

Естеріңізге салайық, кеше Әсем Орынбай, Зоя Кравченко және Ольга Панаринадан жасақталған Қазақстанның әйелдер командасы "скит" жаттығуында жеңіске жетіп, Азия ойындарының рекордын орнатты. Ал жекелей сында Әсем Орынбай қола жүлдеге ие болды. Сондай-ақ бүгін тағы бір отандасымыз Зухра Ирназарова 10 метр қашықтықтан жылжымалы нысанаға оқ ату сайысында үздік шықты.

"Біздің мергендер тағы да керемет нәтиже көрсетті! Спортшыларды, жанкүйерлерді және, әрине, команданың жаттықтырушылар штабын осы жеңіспен құттықтаймын. Бүкіл ел мергендерімізбен мақтанады. Бұл жеңіс мыңдаған қазақстандық жеткіншектерді осы спорт түрімен айналысуға шабыттандыратынына сенімдімін", - дейді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Айта кетейік, Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко бірқатар халықаралық бәсекеде бірге сәтті өнер көрсетіп, елімізге тарихи жүлде сыйлап үлгерген.

Атап айтар болсақ, биыл мамырда Алматыда өткен рейтингтік Әлем кубогында олар күміс жүлдегер атанды. Ал жазда Италиядағы Әлем кубогында аралас жұптар арасында 3-орын алған. Сондай-ақ былтыр қазан айында Хорватияның Осиек қаласындағы әлем чемпионатында Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко скит бағдарламасында қола жүлдеге қол жеткізген.