27 жел, 2019 сағат 15:45

Ұшақ апаты: Президент қаза болғандардың отбасыларына 4 млн теңгеден беруді тапсырды

Мемлекет басшысы Алматы маңындағы ұшақ апатына байланысты кеңес өткізді, деп хабарлайды Ақорда.

«Ақорда» резиденциясында Премьер-Министрдің, Президент Әкімшілігі басшылығының, Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының, Бас прокурордың, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының, Ішкі істер, Ақпарат және қоғамдық даму, Денсаулық сақтау министрлерінің қатысуымен Алматы әуежайы маңындағы жолаушылар ұшағының апатына байланысты шұғыл кеңес өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан қаза болған азаматтардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты. Жиынға қатысушылар қайтыс болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Мемлекет басшысы Премьер-Министр Асқар Маминнің, Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың және Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың есептерін тыңдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Алматы қаласы мен Алматы облысы әкімдіктерімен бірлесіп қаза болған азаматтардың отбасыларына 4 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетуді тапсырды. Қайтыс болғандардың жақындарына жан-жақты психологиялық және медициналық қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар зардап шеккендердің барлығына қажетті көмек беріледі.

28 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған Президент еліміздегі мемлекеттік туларды төмен түсіруге және барлық ойын-сауық шараларын тоқтатуға тапсырма берді.

Мемлекет басшысы кеңес барысында:

– Ұшақ апатына соқтырған себептерді сапалы әрі объективті түрде тексеруге;

– «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» акционерлік қоғамын білікті мамандармен қамту жұмыстарын толық аяқтау шараларын қабылдауға;

– Қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру үшін барлық әуе компанияларының жұмыстары мен авиациялық инфрақұрылым нысандарын тексеруге тапсырма берді.

Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне қозғалған қылмыстық іс аясында ұшақ апатына соқтырған себептерді анықтау, кінәлілерді заңға сәйкес жауапкершілікке тарту, сондай-ақ, Алматы әуежайының аумағына жақын орналасқан жеке құрылыстардың заңдылығын зерттеу жөнінде шара қабылдауды тапсырды.

Айта кетейік, бүгін таңда Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті.

Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді.

Елбасы Нұр-Сұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.