30 жел, 2019 сағат 09:32

Ұшақ апаты: Қара жәшіктегі мәліметтерді тарқату үшін голландық сарапшы келді

Алматы түбінде апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігіндегі мәліметтерді тарқату үшін голландық сарапшы келді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта бірнеше халықаралық сарапшы келді. Қара жәшік алынып, әуе апаттарын тергеу жөніндегі халықаралық ұйымға жіберілді. Сонымен қатар Нидерландыдан шығарушы зауыт өкілдері де келген болатын», - деді министр Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Ұшақ апатының негізгі 3 нұсқасын айтқан министр оқиғаның шынайы себебін нақты атау үшін уақыт қажет екенін де ескертіп өтті.

«Әуе кемесі техникалық тұрғыда өте күрделі екенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Сондықтан қысқа ғана уақыттың ішінде нәтиже күту, апаттың себептері туралы айту мүмкін емес. Сол себепті бірқатар кешенді техникалық сараптама тағайындалып отыр» - деді ол.

Оның түсіндіруінше, өрт-техникалық, авиациялық және медициналық сараптамалар жүргізіледі.

«Осы сараптамалардың қорытындысы бойынша аталған әуе кемесінде қандай жағдай орын алғанына баға беріледі. Әзірше бабы сол күйінде қалып отыр. Ол - ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3 тармағы», - деді Ерлан Тұрғымбаев.