14 қар, 2016 сағат 20:06

Ұрпаққа ұлағат үлкеннен

Бұрынғының үлкендері бір жамандықты естісе, не сұмдықты көзі шалса, «Бала естімесін, бала көрмесін» дейді екен. Қазір олай дей алмайтын сияқтысың, себебі, ашық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Келуші де көп, өзімізде төрткүл дүниеге сапарлап жатырмыз. Ақпарат ағыны асқынып-ақ тұр. Не жоқ дейсіз онда, бәрі бар. Бірде «е» дейсің, кейде жат қылықтарды көргенде өзегің тұз жалағандай өртенеді. Енді осы арада басты айтпақ әңгімеге бет бұрар болсақ, ол ұрпақ тәрбиесі еді. Ұрпақ елдің ертеңгі алтын діңгегі. Сол алтын діңгекті жаһандану заманында бір нәрсеге ұрындырмай қалай түзу жолда ұстап тұруға болады? Әрине, «ол мүмкін емес, торға қамап қойсаң да, бұзып шығады», дейтін сәуегей сөз айтылар. Сонда қайтпек керек? Тәуелсіз елдің мәңгілігін сақтау үшін, ұрпақты адастырмау үшін, ақылға қонар бір қарекетке бармасақ болмайтындай. Өйткені, кәмелетке толмаған жастар арасындағы қылмыс тыйылмай тұр. Оның деректерін тиісті мекемелер тізбелеп, түзеу жөнінде нұсқауларын беріп жатыр. Бірақ әттеген-айлар әр жерден төбе көрсетеді. Оқушылар бірігіп, мұғалімін сабайтынды шығарды. Алданып, теріс ағымдарға кіріп кеткендер туралы жат әдетті құлақ естіп, тіпті, көз көрмеген сұмдықтар да шығып жатыр.

Осы арада біздің айтпағымыз, алдымен үлкендер жағы түзелсе, яғни Елбасы айтқан тәуелсіз елдің негізі саналатын қазақ қауымы тарам-тарам болмай бір арнаға тоғысса, бөлініп-жарылмаса. Сөйтіп, ұлт тағдыры, ұрпақ болашағы дегенде қырын алса жұтқа кетер байлық, қолдың кірі қызметтің тілеуін тілемей ұрпақ тәрбиесі жолында біріксе, жастар арасындағы жат қылық тыйылар еді. Сонда ұлттық сана, ұлттық рух дүр етіп қанат қағар еді. Бас-басымызға далақтай беру даралыққа жатпайтынын сезген жөн. Әрқайсысымыз сөзіміз әдемі болғанмен, айнала беретін тұстағы ісіміз іріп кететін сәттерден тыйылсақ, қане?! Тіпті, бүкіл байтағымызда бір ұл, не бір қыз өресіздік танытса, жұрт болып жұмылсақ, неге олай болды екен десек, салдарымен емес, себебін зерделесек, ұтылмас едік. Осы жерде Абайдың қазақтың бір қуанышы мен бір жұбанышы туралы айтқан сөзі ойға оралып отыр. «Оның қуанышы – елде бір жаманды тауып, я бір адамның бұл өзі қылмаған жаманшылығы шықса қуанады. Айтады: Құдай пәленшеден сақтасын, о да адаммын деп жүр ғой, оның қасында біз сәулелі кісінің бірі емеспіз бе, оған қарағанда мен таза кісі емеспін бе? – деп. Оған Құдай Тағала айтып па, пәленшеден тәуір болсаң болды деп» дейді де, бір тұста «Қазақ та адам баласы ғой» деп алады да: «Енді жұбаныш – жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген – ұлы той, көппен бірге болса болады деген сөзді жұбаныш қылады. Оған Құдай Тағала айтып па, көптен қалмасаң болды деп, көпке қаһарым жүрмейді деп? Көпке тұзағым жетпейді деп пе?» дейді. Абайдың бұл сөздерінің арғы жағында ұрпаққа үлгі болу, бір болу деген ұғым жатыр. Қазір капитализм қағидасы ма, бай баласы мен кедей баласы деген шықты. Асан мен Үсен біріне бірі сұраулы жүзбен қарайды. Несін жасырамыз бұл кесел білім ұяларында байқала бастады. Оны үлкендер жағы да ауыз толтырып айтатын болып барады. Олардың жүгінетіндері – Еуропа. Мұндай қылық қазақ үшін жеңіс емес, жеңіліс десек, артық айтқандық бола қоймас. Себебі, ұлттық тәрбие, ұлттық үлгі ақпараттардың қойыртпағына айнала бастады. Салт-дәстүр мен киім үлгілерін концерттерде, театрда, Наурызда көреміз. Баланың көзінше айтпайтынымыз жоқ. Біреуді сыбап, біреуді жамандап жатамыз. Ең сұмдығы баламызға сабақ беретін мұғалім туралы олардың көзінше қилы-қилы әңгімелер айтатынымыз және бар. Одан кейін бала оған қалай ілтипат көрсетсін? Мықтымын дегендердің балалары мұғалімдерді менсіне бермейді. Мұғалім де олардың алдында төменшіктей беретіні рас.

Иә, ұрпаққа үлгі қай заманда да үлкеннен дарыған. Атам қазақ әкеге қарап ұл, шешеге қарап қыз өседі дейді. Бұл арғы қазақтан қалған ақиқат. Бір жылы Еуропаға барғанда қаусаған кемпір-шалдарды көріп, бұл кісілер не істеп жүр дегенімізде, «Өздерінше өмір кешіп жатқан қариялар ғой» дегені есте. Несін бүгеміз, қазір біздің елімізде де өзінше «тыныштықта» өмір сүруге үйреніп келе жатқан үлкендер баршылық. Кенже баланың қолында тұру сиреп барады. Келін бала, қыз күйеу жан бағыс қамында жүр. Ұл-қыз тәрбиесі басқа қолға өтіп барады. Бұл ұлт тәрбиесін, ұрпақ тәрбиесін өзгенің қолына еріп қою емес пе? Бұл бір кездері жұртымызға, ұлтымызға қасірет болып жүрмес пе екен? Біз мұны Мұрат ақынның «Мен қауіп еткеннен айтамын: Ақ борықтай иілген, Кейінгі туған баланың, Бұза ма деп реңін?» деген өлең жолы еске түскен соң айтып отырмыз. Қазақтың қас батыры Бауыржан Момышұлы «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқамын. Екінші, немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын. Үшінші, дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ. Үйретіп жатқан әже, әке жоқ» деген сөзі алдағы толқынға, яғни ата мен әжеге, әке мен анаға мың батпан ауыр салмақ салып-ақ тұр.

Сонымен, бүгінгі қазақ «Мәңгілік Елдің» ертеңгі тізгінін ұстайтын періште көңіл жастың санасына жат қылықты түсірмей, елдік рухты сіңіріп, өсіру жолында тізе біріктіруі керек деп ойлайсыз. Бар қазақ – бір қазақ болатын күн қазір. Нарықтың заңы өз алдына, ұлттың рухы биік тұрып, бірлікке келгенде жұмылып жұдырық, бірігіп білек болу сын сағаты туып отыр. Елбасының «Мәңгілік Ел» – ұлы идеясының алтын арқауы да осында жатыр.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан»