Ұрланған қарулардың әлі толық табылмауы қаңтар оқиғасы тыңғылықты жоспарланғанын көрсетеді. Мәжілістің жалпы отырысында депуттардың сұрақтарына жауап берген ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Депутат Ирина Унжакова Ішкі істер министрінен қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарудың қалған бөлігін тездетіп табу үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады.
«Шынымен де, бүгінде, өкінішке қарай, 2000-нан астам қару әлі табылған жоқ. Мұны нақты айтуымыз керек. Мен тағы да азаматтарымызға қайырылғым келеді. Ішкі істер министрлігі заңға сүйене отырып, қаруды өз еркімен тапсырған адамдарды әкімшілік, қылмыстық істерге тартпау туралы кепілдік береді. Осы 2000-нан астам атыс қаруы табылмай жатқаны, жасырулы жатуы қаңтар оқиғасы алдын ала жоспарланғанын айғақтайды. Әрине, ол қарулар қазір біздің тұрғындарға шынымен қауіп төндіреді. Сондықтан Ішкі істер министрлігі «Қару» атты арнайы операция жүргізіп жатыр. Оған жеке құрамның 10 мың қызметкері жұмылдырылған», - деді министр.
Айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар жедел тергеу бағытында ғана емес, ел арасында түсіндіру бағытында да жүріп жатыр.
«Түсіндіру жұмыстары жемісін беріп жатқанын айту керек. Мысалы, Алматы облысындағы ауылдардың бірінде тұрғындар қару сатпақ болған қылмыскерлерді өздері ұстап, ұрланған қауларымен бірге полицияға тапсырды. Қазір ол адамдар қамауда. Олардың басқа да бірқатар қылмыс жасағаны белгілі болды», - деді Марат Ахметжанов.