22 сәу, 2021 сағат 19:30

Үндістанда бір күнде коронавирус жұқтырғандар саны бойынша рекорд орнады

Үндістанда өткен тәулікте коронавирус инфекциясының анықталған жағдайларының саны 314 835-ке артып, 15 930 965-ке жетті. Бұл туралы Үндістанның Денсаулық сақтау және отбасылық әл-ауқат министрлігінің сайтында хабарланды.

Үндістанда бір тәулікте тіркелген сырқаттар саны әлемдегі пандемия тарихындағы ең үлкені болды. Reuters ақпарат агенттігі хабарлағандай, бұрын мұндай жағдай бір күнде ресми түрде еш жерде тіркелмеген. 

15 сәуірден бастап Үндістанда 200 мыңнан астам жаңа вирус жұқтырғандар тіркеліп жүр. Елде коронавирус инфекциясының екінші толқыны әлі шыңына жеткен жоқ және сарапшылар аурудың қашан төмендейтіні жайлы болжам жасауға дайын емес. Делидің өкпе аурулары бойынша маманы ТАСС агенттігіне берген сұхбатында айтқанындай, келесі аптада елдегі науқастардың бір күндік саны жарты миллионнан асуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. 

Күніне ең көп вирус жұқтырғандар Махараштра штатында (67,468), Уттар-Прадеш штатында (33,106), Делидің Ұлттық астаналық округінде (24,638), Карнатака штатында (23,558) және Керала штатында (22,414) тіркелді. Махараштра штаты коронавирус инфекциясынан болған өлім-жітімнің ең көп саны туралы хабарлады – 568. Үндістан 28 штатқа және 8 одақтас аумаққа бөлінеді (Дели одақтас аумақ мәртебесіне ие).

Үндістанда бір күндегі емделгендер саны 178 841-ге артып, 13 454 880-ге жетті. 2 291 428 пациент емделуде, бұл алдыңғы күндермен салыстырғанда 133 890-ға көп. Соңғы 24 сағат ішінде Үндістанда 2 211 334 адам коронавируст инфекциясына қарсы екпе жасады, вакциналанған азаматтардың жалпы саны 132 330 644 құрады.