Дербес облыс мәртебесі Ұлытау аймағын тың серпінмен дамытуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ұлы даланың төрінде тұрған Ұлытау талай тарихи оқиғаның куәсі болған. Ел тағдырын айқындаған көптеген маңызды кеңестер дәл осында өткен. Киелі өлкеде Алтын орда әміршілері мен Қазақ хандарының ізі қалған. Біз ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапсын деп осы жерге келіп отырмыз.
Менің Жарлығыммен бұл өңірде жаңа облыс құрылғанын білесіздер. Қасиетті өлкенің атауын жаңғыртып, оны Ұлытау деп атадық. Дербес облыс мәртебесі осы аймақты тың серпінмен дамытуға мүмкіндік береді. Жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты жақсара түседі деп ойлаймын. Жаңа нысандар, солардың ішінде әлеуметтік кешендер бой көтереді, туристік әлеуеті артады.
Облыстың алғашқы қадамы алқалы жиыннан басталуда. Ұлт ұясы – Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасын тапты» - деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайдың жұмысын ұйымдастыру мәселесіне тоқталды.
«Оның құрамында 117 адам бар. Құрылтайға барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдері қатысып отыр. Біз көпті көрген ел ағаларының ақыл-кеңесіне жүгінеміз. Белсенді азаматтық ұстанымы бар орта буынның тәжірибесін ескереміз. Жаңаша ойлайтын жастардың тың идеяларын қолдаймыз.
Құрылтайға Парламент депутаттары, саяси партиялар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері де шақырылды. Үкіметтік емес және кәсіби ұйымдардың өкілдері де шет қалған жоқ. Құрылтай құрамына өңірлік қоғамдық кеңестердің мүшелерін қостық.
Мен Ұлттық құрылтай атына заты сай болып, ел үмітін ақтайды деп сенемін. Бізде түрлі пікірталас алаңдары бар. Бірақ, Құрылтайдың орны бір бөлек.
Құрылтай – кең ауқымды жиын. Бірақ бұл жұмыстың сапасына кері әсер етпеуі керек. Отырыстарды мұқият ұйымдастыруымыз қажет. Бұл жерде шын мәнінде халықтың үні естілуге тиіс. Кез келген адамды Құрылтайға қатыстыруға болмайды. Жұрттың мұң-мұқтажын, талап-тілегін жеткізетін азаматтар бас қосуы керек. Бұл ел бірлігін нығайтатын, қоғамды ұйыстыратын тың идеялар орталығы болатынына кәміл сенемін» - деді ол.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау облысындағы жұмыс сапары аясында Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысына қатысып жатыр.