19 мам, 2026 сағат 17:08

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесін мұқият зерделеу қажет»

Фото: Ақорда

Астанада «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум өтіп жатыр. Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы дала тарихын біржақты сипаттаудан арылу қажет екенін айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

Президенттің сөзінше, тарихта көбіне билеушілердің жорықтары мен соғыстары ғана алдыңғы қатарға шығып, дала өркениетінің интеллектуалдық және рухани мұрасы көлеңкеде қалып келеді.

– Әлі күнге дейін Ұлы дала тарихы шексіз шайқастар мен ұрыстар тарихы ретінде бұрмаланып көрсетіледі. Бұл – тарихи шындықты толық ашпайтын көзқарас, – деді Мемлекет басшысы.


Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Ұлы даланың рухани-мәдени мұрасына ерекше тоқталып, әлемдік философиядағы орны айрықша Әбу Насыр әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи еңбектерін атап өтті.

Президенттің айтуынша, әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» трактаты әділет, білім және адамгершілік құндылықтарын насихаттайтын маңызды еңбек болып саналады. Ал Қожа Ахмет Ясауидің хикметтері Ұлы даланың мәдени коды ретінде бағаланды.

– Ясауи жалпы мұсылмандық құндылықтар мен жергілікті рухани дәстүрлерді үйлестірген «түркілік исламның» негізін қалады. Оның мұрасы қазіргі дүниетанымымыздың өзегіне айналды, – деді Президент.


Сондай-ақ Мемлекет басшысы Алтын Орда кезеңінде түркі тілі мен ислам өркениетінің, дала даналығының тоғысып, әдебиет пен жыраулық өнердің дамығанын айтты. Ол «Ақсақ құлан» күйінің биыл 800 жылдығы атап өтілетінін еске салып, Кетбұға, Асан Қайғы, Шалкиіз, Доспамбет сынды тұлғалардың мұрасы бүгінге дейін жеткенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы даланың интеллектуалдық мұрасын өңірге тән тұтас идеологиялық құндылықтар жүйесі ретінде бағалауға болатынын айтты.

– Бұл – бүкіл әлем үшін маңызы зор философиялық әрі рухани мұра. Қазақстан осы идеяларды дәріптеуге ниетті. Сол себепті «Al-Farabi» және «Qoja Ahmet Yasaui» ордендерін мемлекеттік наградалар қатарына қостық, – деді ол.


Президент сондай-ақ жақында Режеп Тайип Ердоған «Qoja Ahmet Yasaui» орденінің алғашқы иегері атанғанын атап өтті.

Сөз соңында Мемлекет басшысы Алтын Орданың мемлекеттік басқару жүйесін терең зерттеу қажеттігін айтты. Оның пікірінше, Жошы ұлысының қуаты тек аумағының кеңдігінде емес, мемлекеттік институттарының тұрақтылығы мен заң үстемдігінде болған.

– Алтын Орда дәуірінде Дала заңы мен ислам құқығы үйлесім тапты. Соның арқасында түрлі этнос пен дін өкілдері бейбіт өмір сүрді, – деді Президент.