26 қыр, 2025 сағат 11:52

Ұлытау облысында қайтарылған активтер есебінен 7 денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр

Фото: Үкімет

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Ұлытау өңірінде әлеуметтік маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп, ауыл тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруға бағытталған жаңа нысандар бой көтеруде, деп хабарлайды Ult.kz.

Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген 880 млн теңге заңсыз иемденілген активтерден қайтарылған қаражат есебінен денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға жұмсалды. Бұл қаржы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 7 жаңа нысанның құрылысына бағытталды.

Атап айтқанда, Ақтүбек пен Кеңгір ауылдарында екі дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілмек. Бұған қоса, Бетбұлақ, Пионер, Қорғасын, Айнабұлақ және Егінді ауылдарында бес медициналық пункттің құрылысы жүріп жатыр.

Жаңа нысандарды жыл соңына дейін іске қосу жоспарланған. Жоба жүзеге асқан жағдайда, ауыл тұрғындары сапалы медициналық қызметке қол жеткізіп, Ұлытау облысының денсаулық сақтау жүйесі едәуір нығаяды.