06 қар, 2018 сағат 13:58

"Ұлымды ұмытты, ешкім есіне алмайды". Бекзат Саттархановтың әкесі ренішін айтты

Түркістанда қазақтың аты аңызға айналған боксшысы, Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов атындағы спорттық кешеннің ғимараты қираудың аз-ақ алдында тұр, деп хабарлайды Sputnik агенттігі Otyrar сайтына сілтеме жасап.

Спорттық кешен 2000 жылы ашылған. Қазір ғимарат жұмыс істеп тұрғанымен, ондағы спорт мектебіне спортшы Әбдісалам Нұрмахановтың есімі беріліпті.

Түркістан қаласына кіре бергенде Бекзат Саттархановтың ескерткіші жанында орналасқан спорт кешені ашылғалы бері бірде-бір рет дұрыстап жөнделмеген екен. Спорт мектебі директорының орынбасары жақында жөндейміз, ақша бөлінген дейді, алайда жұмыстың қашан басталатыны беймәлім. 

"Біз мұнда республикалық жарыстар өткіземіз. Керемет деңгейде болмаса да, ұйымдастырып жүрміз. Келесі жылы наурызда жөндеу жұмыстары басталады. Құжаттары дайын, 300 миллион теңге бөлінген, қосымша ғимараттар салу жоспарда бар. Өз күшімізбен едендерін ауыстырып, кабинеттер жасағанбыз", — дейді Нұрмаханов атындағы спорт мектебі директорының орынбасары Төленбек Асанов.

Марқұм боксшының әкесі Сейілхан Саттарханов телефон арқылы берген сұхбатында осы жағдайға байланысты өкпе-ренішін жасырмады.

"Бекзат Олимпиада чемпионы болған кезде бұл ғимарат бар болатын. Қазір сыртында Бекзаттың аты жазылып тұр, ал ішіндегі мектеп басқа спортшының атымен аталады, бұл ғимаратта балама қатысты ештеңе жоқ. Музейде тұрған медальдері түпнұсқа емес, бәрі өзімізде. Ұлымызды ұмытты, ешкім есіне алмайды, ол туралы бір ауыз жақсы сөз айтпайды. Ғимаратты жөндеу туралы айтпай-ақ қояйын, өздері жауап берсін. Бекзаттың құрметіне жақсы, заманауи ғимарат салса да болар еді, Қазақстанның намысын қорғап, елдің атын шығарды емес пе? Бекзаттай боксшы ешқашан болмаған сияқты көрінеді. Осының бәрін айту маған оңай емес, айта-айта жауыр болса да, еш нәтиже жоқ", — деп Сейілхан Саттарханов ренішін білдірді.

Айта кетсек, спорттық кешенге елді мекендерден мыңдаған оқушы барады екен, ұжымдағы бұрынғы 50 бапкердің қатарына жаңадан 40 адам қосылған.

Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы мәлімет бергендей, жөндеу жұмыстары 2019 жылы басталады, ол үшін облыстық бюджеттен 7 миллион теңге бөлінген.