Дүйсенбі, 5 қыркүйек күні Ұлыбритания қорғаныс министрі Бен Уоллес Украинадағы соғыста Ресейдің 25 мың сарбазы опат болды деп мәлімдеді. Оның сөзінше, жарақат алғандарды, тұтқындарды және қашып кеткендерді қосқанда Ресей әскері 80 мыңға тарта сарбазынан айырылып отыр, деп хабарлайды Азаттық.
Уоллес сондай-ақ соғыс кезінде Ресейдің бірде-бір стратегиялық мақсаты орындалмады дейді.
Ұлыбритания парламентінде сөйлеген сөзінде Уоллес Украина қарулы күштері ауыр шайқас жүргізе отырып, елеулі жетістіктерге қол жеткізгенін хабарлады. Ол сондай-ақ Ұлыбританияның Украинаға тағы бір әскери көмек топтамасын әзірлеп жатқанын, оның қаржылай көлемі 2,3 фунт стерлинг екенін мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, осы күнге дейін Ұлыбритания 4700 украин сарбазына Украинаға берілгелі отырған заманауи техниканы қолдануды үйреткен.
Ресей мен Украина соғыста қанша сарбазынан айырылғанын айтпай отыр. Шілденің соңында ЦРУ директоры Уильям Бёрнс Ресей сапында 15 мың адам қаза тауып, 45 мың адам жарақат алды деген. Бёрнстің бағалауынша, Украина әскерінің сапында қаза тапқандар саны салыстырмалы түрде едәуір аз болған.
Украина қорғаныс министрлігі Ресей әскерінде 50 мыңға тарта адам қаза тапқанын айтып отыр. Ресей қорғаныс министрлігі Украина әскеріндегі опат болғандар туралы өз ақпаратын жүйелі түрде жаңартпайды. Тараптар әдетте жау шығынын әсірелеуге бейіл.