02 там, 2016 сағат 11:21

Ұлы Қытай қорғаны жоқ болып кете жаздап тұр

«Ұлы Қытай қорғаны бір кірпішінен кейін бір кірпіші алынып, ақыры құрып бітеді», - деп хабарлады CNN телекомпаниясы.

Телеарна тілшісі сүйеніп отырған мәнбе бойынша, осыған байланысты қазір Қытайда көне замандардағы қорғаныс бекіністерін қылмыстық дәрежеде талан-таражға салып, ұрлап кетуден қорғау жөнінде жаңа бір науқан басталып кеткенге ұқсайды.

Солардың ең алдыңғы легінде тұрған Ұлы Қытай қорғаны империяны сыртқы жаудан, көшпенділер шабуылынан қорғау үшін біздің дәуірімізге дейінгі үшінші ғасырда салынған. Алайда, қанша тыйым салынғанына қарамастан, бұл қорғанға жергілікті тұрғындар тарапынан шабуыл жасау тоқтатылмай келеді. Жұрт үй салу үшін оның кірпіштерін кертіп алуларын қоятын емес. Ал шетелдерден келген туристер оны кәдесый ретінде алуға құмартып тұрады екен. Осылайша қаншама ғасырлардан бері жауын мен желдің, күн мен ыстықтың салдарынан біртіндеп мүжіліп келе жатқан атақты қорған адамдар тарапынан да дәккі көруде.

Ресми статистикаға сәйкес, қорғанның 30 пайызы Мин әулеті кезінде жоқ болып кетіпті. Оның 10 пайыздан кемдеу ауқымының ғана қазір жағдайы жақсы көрінеді.

"Егемен Қазақстан"