Бүгін елордасы Астанада Ұлттық спорт түрлерінен Республикалық «Ұлы дала рухы» фестивалінің тоғызқұмалақ, асық ату ойындары мен қазақ күресінен финалдық жарыстары өтті. Бұған дейін фестивальдің іріктеу кезеңіне 700-ге жуық спортшы қатысса, «Дәулет» спорт кешеніндегі финалдық сайыстар асық атушылардың ойынымен басталған болатын.
Асық ату спорт түрінен жастар арасындағы командалық есепте ҚР чемпионатының жеңімпаздары мен халықаралық «Алтын сақа» турнирінің чемпиондары саналатын Асанқұл Нұрбек, Бұланбай Аслан, Мыңтөре Нұрбақыттардың бүгінгі сайыста жолы болмады. Олар финалда 2:3 есебеімен Жамбыл облысынан келген асық атушыларға жол берсе, ақтөбеліктерді 4:1 есебімен қапы қалдырған шығысқазақстандық өрендер жүлделі ІІІ орынға ие болды.
Бұдан кейін фестиваль білегінен гөрі миына көп күш түсіретін тоғызқұмалақшылардың сайысына ұласты. Тоғызқұмалақтан Азия және ҚР чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Есеркеп Құндыз, Сүлейменов Нұрсұлтан, Батырбек Бейбарыс пен Абай Дианалар қатысқан жарыста Кереку өңірінен келген спортшылардың бағы жанып, командалық есепте бас жүлдені иеленді. Финалдық ойындарда павлодарлық команда елордалықтардан басым түссе (жалпы есеп 4:2), жоғарыда аты аталған Құндыз бен Диананың жүздесуінде Диана айқын жеңіске жеткен еді. Ал, Атыраудан келген тоғызқұмалақшылар Түркістан облысының спортшыларына төтеп бере алмай, 4-ші орынды місе тұтты, қорытынды есеп – 2:4. Жеңіс тұғырына көтерілген асық атушылар мен тоғызқұмалақшылар командалары ақшалай жүлдемен марапатталды. Атап айтқанда, І орын – 600 мың, ІІ орын – 400 мың, ІІІ орын – 200 мың және IV орын иелеріне 100 мың теңге табысталды.
Фестивальдің алғашқы жарыс күнін қазақ күресінің балуандары түйіндеді. Төрт облыстың, яғни, Түркістан, ШҚО, Атырау облысы мен Астана қаласының намысын қорғаған баһадүрлер бозкілемде бел кеткенше күресті. Алдымен, 8 салмақ дәрежесінде Түркістан облысының балуандары «бозкілем иелері» шығысқазақстандық балуандарды 5:3 есебімен тізе бүктірсе, 4:4 есебеімен тең түскен атыраулықтар мен «бозкілем иелерінің» тартысты кездесулерінің қорытындысында төрешілер батыстан келген балуандардың бабы басым болды деген шешім шығарды. Дәл осындай есеп ІІІ орын үшін өткен ШҚО мен Астана қаласының балуандарының арасында өткен жекпе-жектердің соңында тіркелсе, бұл жолы да төрешілер елордалық балуандарды жеңіске лайық деп таппады. Ал, финалда Түркістан мен Атырау облысының балуандары белдесіп, командалық жарыс нәтижесінде 7:1 есебімен оңтүстіктен келген апайтөс жігіттер күмәнсіз жеңіске жетті. Сөйтіп, Астана қаласының 20 жылдығына орай алғаш рет респулика көлемінде ұйымдастырылған «Ұлы Дала рухы» фестивалінде топ жарған түркістандық балуандар 1 500 000 теңгені қанжығаларына байласа, Атырау облысының спортшылары 800 мың теңгені иеленді. Жүлделі ІІІ орын алған шығысқазақстандық балуандарға 600 мың теңге табысталса, елордалықтарға 200 мың теңге ақшалай сыйлық бұйырды.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы ұйымдастырған фестиваль ертең «Қазанат» атшабарында 16 қыркүйекке дейін жалғасады. Фестиваль аясында Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, аламан бәйге және көкпар ойындарын тамашалай алады.
Ұлт-ақпарат