16 қар, 2016 сағат 15:54

Ұлттық валюта ұлықталды

Елдің экономикалық тәуелсіздігін көрсететін басты белгілердің бірі – төл валютасы. Бұл бұлжымайтын қағида деуге болады. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойының қарсаңында елордада төл теңгеміз айналымға енгізілген күннің мән-мағынасын ашып, ұлттық валютамызды ұлықтаған алқалы жиын өтті. 

era_1028«Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл: ұлттық валюта» деген тақырыппен өткен конференцияға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбді­қалықова, Ұлттық банк төр­ағасы Данияр Ақышев, Парла­мент депутаттары, теңгенің дүниеге келуіне атсалысқан бел­гілі экономист ғалымдар, қаржы­герлер қатысты. Жиын басында сөз алған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова теңгенің ел тағдырында алатын маңызды орны туралы баяндады.

– Мемлекеттік туымыз, Ән­ұранымыз, Елтаңбамызбен қатар, Тәуелсіздіктің ең басты белгі­лерінің бірі – мемлекеттің төл валютасының болуы. 1993 жылы 15 қарашада Қазақстанның өз валю­тасы – теңге айналымға енгізіліп, үлкен тарихи қадам жасалды. Ол экономика тоқырап, өндірістер жабылған, тіпті қара­пайым адамдардың жалақысына дейін сыртқы факторларға тәуелді болған аса күрделі кезең еді.

Елбасы Н.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында еліміз уақыт сынынан сүрінбей өтті. Ал төл теңгеміз тәуелсіздіктің айшықты символдарының біріне айналды. Халықтың көңіліне сенім ұялатып, болашаққа нық қадам басуына жол ашты. Әлемдік дағдарысқа лайықты төтеп беріп, мызғымас қуатын дәлелдеді,– деді Мемлекеттік хатшы.

Гүлшара Әбдіқалықова «Елбасы Н.Назарбаевтың жалпыұлттық бірлік пен келі­сім үлгісі Қазақстанның жарқын жетістік­­терінің шешуші факторы екенін, сон­дай-ақ, оған Қазақстан халқы Ассам­блея­сы да ықпал еткенін жеткізді. Мем­ле­кет­тік хат­шы атап өткендей, бүгінде теңге эко­номи­к­амыздың тірегіне, береке­лі де мере­келі тіршілігіміздің күрета­мы­рына ай­налған. Ол алдағы уақыт­та да Қазақ­станның жарқын жеңістері мен толағай табыс­тарының тұғыры бола беретініне сенім зор.

Осы конференцияда Ұлттық банк төр­ағасы Данияр Ақышев Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған 10 мыңдық кәдесыйлық банкнотты және монетаны жұрт назарына ұсынды.

– Елбасы ұсынған «Мәңгілік Ел» идея­сының мызғымас негіздерінің бірі – ұлт­тық бірлік, бейбітшілік және келі­сім. Бар­шамыздың Отанымыз бір, тағ­ды­ры­мыз бір. Бүгін сіздердің назар­ларыңызға ұсынатын естелік монетаға осы идея негіз болды. Тәуелсіздік тарихы – Мемлекет басшысының тари­хымен тығыз байланысты. Сол се­бепті, Ұлттық банк Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығына арналған, еліміздің дамуына Президенттің қосқан үлесін бейнелейтін мерейтойлық банкнотты назарларыңызға ұсынады,– деді Данияр Ақышев.

Банкнотты таныстыру салтанатында айтылғандай, он мыңдық купюрада сақтар дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі тарих жинақталған. Қазақстанның картасы ел халқының ортақ үйі ретінде көр­сетілген. Қазақ елі монументіндегі Самұ­рық құс өткен күн мен бүгіннің сабақтас­тығын бейнелейді. Мерейтойлық купюра Пре­зи­дентіміздің ел дамуына сіңірген ерен ең­бегінің көрінісін бейнелеуге бағыт­талған.

5 мың номиналдағы монетаға тоқта­лар болсақ, ол 925 сынамалы күмістен жаса­лып­ты. Беткі жағында Қазақ елі мону­менті, ұлт­тық киімдегі әр түрлі ұлт өкілдері бейне­лен­ген. Күн шапақтарының көріні­сімен көмке­рілген монетаның салмағы 777,5 грамға тең.

Данияр Ақышев айтқандай, Ұлттық банк кәдесыйлық банкнот пен монетаны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – 1 желтоқсанда жарыққа шығарады. Осылайша, Тәуелсіздік тойы­ның қарсаңында халқымыз үшін үлкен сый жасалмақ.

Қазақстан қаржыгерлері қауым­дас­тығы кеңесінің төрағасы Мағжан Әуе­зовтің пікірінше, жаңа банкнот пен монета халық үшін айрықша бағалы зат болады.

– Ұлттық валютамыздың айналымға енуі – Қазақстанның тарихындағы айрық­ша оқиғалардың бірі. 1993 жылдың қара­ша айында Қазақстан Президентінің «Қа­зақстан Республикасының Ұлттық ва­лю­тасын енгізу туралы» Жарлығы шық­қан болатын. Содан бергі ара­лықта мемлекетіміздің экономикалық құры­лымы қалыптасты. Ал Тәуелсіздік күнінің қарсаңында Ұлттық банктің Мемле­кет басшысы бейнеленген купюра мен монетаны таныстырғаны өте орын­ды қадам деп ойлаймын. Купюраға Ел­ба­сының суреті бейнеленуі Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде қалыптасуындағы Пре­­зиденттің айрықша рөлін білдіреді. Бұл ку­пюра үлкен құндылыққа айналады, оны адамдар бағалы дүние ретінде сақ­тайды деп сенемін, – деді Мағжан Әуе­зов.

Философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім Ұлттық банк таныстырған жаңа банкнотты сонау 1993 жылы шыққан алғашқы 1 теңгелікпен салыстырды. Ғалымның пайымына салсақ, теңгеде әл-Фарабиден бастап, Нұрсұлтан Назарбаевқа дейінгі аралықтағы еліміздің тарихы көрініс тауып отыр.

– Бір теңгелік банкнотқа әл-Фараби бейнеленген еді. Міне, сол оқиғаға да 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Бүгін Данияр Ақышев мырза 10 мың теңгелікте Елбасы бейнеленгенін айтты. Демек, теңге арқылы әл-Фарабиден бастап, Нұр­сұлтан Назарбаевқа дейінгі тарих көрініс тауып отыр. Төл теңгеміздің төрге озған күні құтты болсын! Теңгеміз теңселе бермей, тұғырлы болсын! – деді Ғ.Есім.

Осы жиында айтылғандай, теңгені жасау, айналымға енгізу өте күрделі жағ­дайда жүргізілген. Ол кезеңде маман­дардың тәжірибесі аз, ресурс жеткіліксіз, біліктілік төмен еді, ондаған жылдар бойы қалыптасқан экономикалық қаты­настар күйреген уақыт болатын. Теңгені дүниеге әкелу жұмыстарын Қазақстан Республикасының Президенті тікелей қадағалап, атсалысты.

Конференцияда есімі елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, экономист ғалымдар сөз сөйлеп, төл валютамыз еліміздің қаржылық тәуелсіздігінің символы екенін айрықша атап өтті. Олар өзінің ұлттық ақшасы бар ел ғана дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып, нарықтық экономиканың құрылымын қалыптастыра алатынын тілге тиек етті.

Арнұр АСҚАР,

«Егемен Қазақстан»

Суреттерді түсірген

Ерлан ОМАРОВ,

«Егемен Қазақстан»

Барша қазақстандыққа тамаша сый

100-590«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің үндеуі

Ұлттық банкноттарда сол елдің негізін қалаған дара тұлғалардың, тұңғыш президенттер мен көрнекті мемлекет қайраткерлерінің бейнеленуі әлемдік тәжірибеде кеңінен таралған үрдіс. Әсіресе, бұл мемлекеттердің қалыптасуы мен даму тарихында маңызды рөл атқарған басшыларға ерекше қатысты. Әлем тарихында бұған мысал болатын деректер өте көп.

Мәселен, АҚШ долларында осы елдің тұңғыш президенті Джордж Вашингтонмен бірге сол мемлекетті басқарған Авраам Линкольн, Томас Джефферсон, Эндрю Джексон және Улисс Гранттың портреттері бейнеленген. Сондай-ақ, өткен жылы Сингапур Республикасының тұңғыш премьер-министрі, ұлы реформатор Ли Куан Юдың бейнесімен жаңа Сингапур доллары жарыққа шықты. Бір ай бұрын ғана Ұлыбританияның көрнекті премьер-министрі Уинстон Черчилльдің портретімен жаңа ағылшын фунт стерлингі айналымға енді. Сол сияқты түрік лирасында Түркияның тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік бейнеленсе, Оңтүстік Африка Республикасының банкнотында аты аңызға айналған қайраткер Нельсон Манделаның суреті басылған. Израиль шекелінде де сол елдің тұңғыш президенті Хаим Вейцман мен бірінші премьер-министрі Давид Бен-Гурионнан бастап мемлекеттің ХХ ғасырда өмір сүрген көптеген басшылары бейнеленген. Ал Мексика песосында қазіргі заманғы Мексиканың негізін қалаушы тұлға Дон Бенито Хуарестің портреті басылған. Жалпы, мұндай дәстүр Куба, Үндістан, Малайзия, Чехия, Чили, Канада сияқты елдердің де тәжірибесінде бар.

Сондықтан Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығында біздің де осынау бүкіләлемдік трендке қосылуымызды заңдылық деп санаймын.

Мен Ұлттық банктің Елбасы портретін жаңа қазақстандық банкнотқа бейнелеу туралы шешімін толығымен қолдаймын. Себебі, біріншіден, Нұрсұлтан Назарбаев ешқандай әсірелеусіз тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған, мемлекет қалыптастырушы тұлға болып табылады. Екіншіден, ол – республикамыздың Тұңғыш Президенті. Үшіншіден, бүкіл халық қадірлеген Елбасы. Төртіншіден, ұлттық валютамызды айналымға енгізіп, оған тарихи «теңге» деген атау берген де Нұрсұлтан Әбішұлының өзі болатын.

Тәуелсіздік кезіндегі қол жеткізген барлық жетістіктеріміз бен бағындырған биіктеріміз Президентіміздің есімімен тығыз байланысты. Ширек ғасырда Мемлекет басшысы әлемдік аренада қуатты, беделді әрі қарқынды дамып келе жатқан Қазақстанның жарқын символына айналды және Қазақстанның даму жолын көптеген елдер үлгі-өнеге ретінде қабылдады.

Сол себепті, еліміздің 25 жылдық торқалы тойы қарсаңында мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті бейнеленген ұлттық валютаның жарыққа шығуын барша қазақстандықтарға жасалған тамаша сый деп есептеймін. Халқымыздың Елбасының елімізге сіңірген ұлы еңбегіне лайықты құрмет көрсетіп, жаңа бірегей банкнотқа қадірлей қарайтынына сенемін.

Ертеңгі күнге ұмтылысымыздың нышаны

100-824Қазақстан халқы Ассамблеясының Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған 10 мыңдық кәдесыйлық банкноттың шығарылуына орай ел азаматтарына үндеуі

Құрметті отандастар!

Бүгін біз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында бәріміз де ерекше  оқиғаның куәгерлері болдық.

Ұлттық банк ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған бірегей мерейтойлық банкнот пен монеталар шығарды.

Ұлттық валюта – Тәуелсіздіктің ажырағысыз атрибуттарының бірі. Сондықтан барлық мемлекеттерде ұлттық валюталардың  дизайны елдің мәдени және тарихи дәстүрлері мен құндылықтарының жүйесін, оның жетістіктері мен тарихының мерейлі сәттерін бейнелейді.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы – Ұлы Дала елінің біртұтас халқы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізген жетістіктерінің тарихи қорытындысы.

Мерейтойлық банкнотта Мемлекет басшысының бейнеленуі халықтың тұрақты және өркендеген Қазақстанды, Болашағы біртұтас ел құрудағы Елбасының айрықша рөліне деген ерекше құрметін көрсетеді.

Біз ұлттық валюта күні бірегей банкноттың шығарылуын Қазақстан халқының жалпыазаматтық құндылықтары негізінде бірлікке қарай кезекті қадам жасауымыз, тұрақтылық пен өркендеуге қарай ұмтылысымыздың символы екеніне сенімдіміз.

Мерекелеріңізбен, құрметті отандастар!

Ұлттық  валюта күні құтты болсын!

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің
25 жылдық мерейтойы құтты болсын!

Ел тарихындағы елеулі оқиға

atameken-ukp-isker-ayelder-kenesin«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған 10 мыңдық кәдесыйлық банкноттың шығарылуына орай үндеуі

Ұлттық валюта ел экономикасының жаһан­дық нарық жүйесіндегі субъектілігін көрсететін Тәуелсіздіктің ерекше нышаны болып табылады.

Елдің төл валютасы экономикалық саясаттың тәуелсіздігін, тұрақтылығын және бүкіл банк жүйесінің қорғанысын қамтамасыз етеді.

Ұлттық валюта күні Мемлекет басшысы бейнеленген жаңа кәдесыйлық банкноттың тұсауы кесілуі – еліміз тарихындағы айтулы оқиға.

Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойлы шағында бұл – Қазақстан халқының Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегін шынайы бағалағандығының көрінісі.

Қазақстанның Елбасының бүкілхалықтық көшбасшылығымен толағай табыстарға жетуі бүгінде бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін үлгі болып отыр.

Еліміздегі табысты реформалар экономикалық өсімнің аса маңызды драйвері – белсенді бизнес-қоғамдастық қалыптастырып үлгерді.

Ел кәсіпкерлері тәуелсіз Қазақстан Респуб­ликасының әрі қарай да өсіп-өркендеп, үлкен табыстарға жете беруі жолында жаңа серпінді жобаларды сенімді түрде жүзеге асыра беретін болады!

Елбасы еңбегіне берілген баға

kazakstan-karzhygerleri-kauymdastygyҚазақстан қаржыгерлері қауымдастығының Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған
10 мыңдық банкноттың шығарылуына орай үндеуі

Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Қазақстанда еліміз­дегі айтулы оқиғаларға орай Ұлттық банк тарапынан ме­­рей­тойлы банкнот шығарудың бірегей дәстүрі қалып­тасты.

Тәуелсіздіктің мерейтойлы жылында ел Президенті бейнеленген кәдесыйлық банкнот шығарылуы Н.Ә.Назарбаевтың бүкілхалықтық көшбасшылық маңы­зын атап көрсететін жарқын меже болып табылады.

Бұл – Қазақстан халқын өсіп-өркендеу жолында мақ­саткерлікпен жұмылдыра білген Елбасы бас­шы­лығындағы Қазақстанның ерекше даму жолын көр­сететін Тәуелсіздіктің 25 жылдығындағы теңдессіз оқиға!

Мемлекет басшысының реформаларының арқасында Қазақстанның қаржы жүйесі өңірде жетекші орынға ие және алдыңғы қатарлы әлемдік стандарттарға жауап береді.

Еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы табыстары мен жетістіктері – өсіп-өркендеу жолында Қазақстан халқын жұдырықтай жұмылдыра білген біздің Президентіміздің ерекше еңбегі.