09 там, 2021 сағат 17:37

Ұлттық ұлан сарбаздары Таразда тұрғындарға пышақ ала жүгірген бұзақыны ұстады


Өткен демалыс күндері Таразда Ұлттық ұлан сарбаздары қалада жан-жағына пышақ сілтеп, жұрттың мазасын алған бұзақыны ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға 8 тамызда болған. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті күзету бойынша патрульде жүрген Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімінің әскери жасағы Ниетқалиев көшесінен жүрісі күдік тудырған ер адамды байқайды. Тәртіп сақшыларын байқаған күдікті қаша жөнелді. Әскери жасақ бойынша кезекші аға лейтенант Санат Халмақан патрульдермен бірге күдіктінің соңына түседі. 

«Біз қала тұрғынының әрекетінен күдіктенген соң бірден соған қарай бардық. Ол бізден қашып барып, көшенің қиылысына тоқтап, қалтасынан пышақ шығарып жан-жағына ретсіз сілтей бастады. Өзіне ешкімнің жақындамауын талап етіп айқайлады. Біз дереу ол азаматты қолға түсіру үшін әрекет жасадық, себебі ол айналасына қауіп төндірді. Жекпе-жек ұрысының әдістерін пайдалану арқылы біз оны ұстадық», - дейді қатардағы жауынгер Мерей Өтелбаев.

Күдіктіні ұстаған жерге Тараз қаласының Полиция басқармасынан жедел-тергеу тобы шақырылды. Ұсталған адам Тараз қаласының бұрын сотталған 26 жастағы тұрғыны екені анықталды.