13 қыр, 2024 сағат 12:08

Ұлттық ұлан басшылығы сарбаз Ербаян Мұхтарға қатысты мәлімдеме жасады


Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов әскерде алған жарақатынан 6 ай комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтарға қатысты мәлімдеме жасады. 

Қайрат Үмбетовтің айтуынша, сарбаздың қазіргі жағдайы әскерде алған жарақатына байланысты емес. 

"Ербаян Мұхтаров Ұлттық ұланда қызмет ету кезінде түнгі екіде оянып, құлап, жарақат алған. Оның қазіргі жағдайы құлаудың салдары емес. Емделу кезінде сарбаз жұқпалы ауруға шалдыққан. Өкінішке қарай, емделу кезінде өкпесі пневмониямен, сондай-ақ қосымша ірің бөлінуімен гайморитпен ауырған. Дәрігерлер ота жасауды ұйғарған, отадан кейін сарбаз осындай күйге түсті", — деді Қайрат Үмбетов.


Айта кетейік, Ербаян Мұхтар Ұлттық ұланның Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген. 2023 жылдың желтоқсанында сарбаз ми жарақатын алып, содан кейін комаға түскен. Әскерилер туыстарына Ербаянның дәретханада құлап, басын еденге соғып алғанын айтқан. Алайда сарбаздың жақындары ұлдарының абайсызда құлап қалғанына сенбейді. Ішкі істер министрлігі тергеу барысын өз бақылауына алды

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар 6 айдан астам комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтарға 140 миллион теңге жинап берген еді