ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов Түркістан облысының Ұлттық санаққа дайындық жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ұлттық статистика бюросынан мәлім еткендей, ең алдымен ол Өзбекстанмен шекаралас тұрған Жетісай ауданына барды. Онда қазір 4 инструкторлық учаске жұмыс істеуде. Сондай-ақ, Бюро төрағасы Мақтаарал, Келес және Сарыағаш аудандарына барып, ондағы жағдайды көзімен көріп қайтты.
Санаққа дайындық кезеңінде тұрғын үйлердің (пәтерлердің) және тұрғын үй ретінде пайдаланылатын тұрғын емес орынжайлардың тізімі нақтылануда. Бұл, негізгі кезеңді жүргізу үшін қажет. Сол арқылы халық санағының негізгі кезеңінде санақ қызметкерлеріне берілетін жүктеменің мөлшерге сай болуы, халық саны мен аумақтың нұсқаушылық және тіркеу учаскелерінің тең бөлінуі қамтамасыз етіледі.
Түркістан облысында 50 нұсқаушылық учаске құрылған. Ұлттық санаққа дайындық және өткізу жөніндегі нұсқаушылармен (уәкіл 126 адам) еңбек келісімшарты жасалған. Сондай-ақ, нұсқаушы-бақылаушылармен, интервьюерлермен ақылы қызмет көрсету келісімшарты жасалды. 522 адамнан тұратын барлық қызыметкерлер (126 уәкілетті, 50 нұсқаушы-бақылаушы, 346 интервьюер) тәжірибелік оқу-жаттығудан және одан кейін Статистика департаментінің базасында тестілеуден өткен.
Интервьюер ретінде басқа қызмет түрлерінен босатылған барлық ниет білдірушілер ерікті негізде қабылданған.
«Қазіргі уақытта барлық санақ қызметкерлері толықтай орынжаймен, компьютермен, жиһазбен қамтылған. Компьютерлер Мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік орталығына (МО БКО) қосылған. Әрбір қызметкер жеке қорғаныс құралдарымен қамтылған. Қалалық қоғамдық көлікте тегін жүру мәселесі шешілген. Әрбір нұсқаушылық учаскеге учаскелік полиция инспекторы бекітілді», - делінген ведомство хабарламасында.
Алдын ала мәліметтер бойынша Түркістан облысында интервьюерлер 370 423 түрғын және адамдар тұруы мүмкін тұрғын емес орынжайларды аралауға міндетті.
2021 жылдың Ұлттық санағының негізгі кезеңі 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүреді. Оған онлайн режимінде де, дәстүрлі тәсілмен де қатысуға болады.
